Созақ ауданында 5000-ға жуық отбасы табиғи газға қосылды

Маңызды жобаның жалпы құны 4 млрд теңгеден асады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысындағы Созақ ауданы алғаш рет табиғи газға қосылды. Маңызды жобаның жалпы құны 4 млрд теңгеден асады. Бұл халықтың тұрмыс сапасын арттырып, экологиялық жағдайды жақсартуға және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына оң әсерін тигізбек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шолаққорған тұрғыны Айгүл Исаеваның  ауылда тұрып жатқанына ширек ғасырдан асқан. Ол сайын дала төсіне газ келеді дегенді естігенде, төбем көкке жеткендей қуандым» дейді. Өйткені қыста көмір жағып, күл шығарудан қажыған ол күнделікті тіршілік түйткілдерінен арылатынына дән риза.

«Өмір бойы газ баллон қолданатынбыз. Үй үлкен от жағатынбыз. Енді газ келіп қуанып жатырмыз. Құдай қаласа, осы құт болсын!» – деді ауыл тұрғыны Айгүл Исаева.

Ауылдағы жұртты газбен қамту оңайға соққан жоқ. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, бес жылға жуық уақытқа созылды. Қазіргі таңда барлық қауіпсіздік жүйелері тексеріліп, негізгі қондырғылар іске қосылды. Аудан орталығы – Шолаққорғанда жалпы ұзындығы 216 шақырымды құрайтын газ тарату желілері тартылған. Нәтижесінде, 4600-ге жуық абонент, яғни отбасы табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды.

«2020 жылдан бері станция сағатына 30 мың куб шығарып келеді. Бұл Созақ ауданының барлығына есептеліп шығарылған. Қазір халық саны өсті, бәріне жетеді», – деді  мердігер компания өкілі Жандос Амангелдіұлы.

Өңірде газдандыру қарқыны жоғары. Өткен жылы облыс бойынша 45 жобаның құрылысы аяқталып, 41 елдімекен көгілдір отынмен қамтылды. Ал Созақ ауданындағы Жартытөбе, Бабата, Аққолтық ауылдарына газ құбырын жеткізу жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта қалған елдімекендер үшін тиісті құжаттама әзірленіп, қаржы бөлінбек.

Нұркен Әкімхан, Түркістаннан

Оқи отырыңыз: Шымкентте желтоқсанда пайдалануға берілген Бадам өзеніндегі бөгет қирады

Новости партнеров