Маманның пікірінше, академияның материалдық-техникалық базасы мен ғылыми кадрлары Олимпиада чемпиондарын даярлауға толық дайын
Алматыда спорт ғылымының өзекті мәселелері талқыланды. Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Қазақ спорт және туризм академиясында өткен жиында мамандар халықаралық аренада жоғары нәтижеге жету үшін осы бағытта дамудың маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Академия президентінің айтуынша, 1967 жылы мекеме жанынан құрылған ғылыми-зерттеу зертханасы кезінде нәтижелі жұмыс істегенімен, кейін тоқырауға ұшыраған. Қазір бұл бағыт қайта жанданып, ғылыми зерттеу институты құрылып, білікті мамандар тартылған. Алайда орталықтың әлеуеті толық ашылмай отыр. Академия ғалымдары бірқатар ғылыми жобаны әзірлегенімен, оларды қолдау жағы кемшін түсіп тұр. Маманның пікірінше, академияның материалдық-техникалық базасы мен ғылыми кадрлары Олимпиада чемпиондарын даярлауға толық дайын. Тек тиісті қолдау қажет.
«Спорттық ғылымның мүмкіндіктері оразан зор. Бірінші кезекте мемлекеттің қолдауы керек. Егер мемлекет спортты зерттеп жүрген ғалымдарымызды қолдайтын болса, біздің әлем біріншіліктеріндегі және Олимпиададағы жетістіктеріміз әлдеқайда жоғары болады деп сеніммен айта аламын», – деді Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов.
Оқи отырыңыз: Ақша жинауға қатаң тыйым салынды: мектеп бітіру кеші білім беру ұйымында өтеді