Мәжіліс депутаты қазіргі уақытта келісім жасалып жатқанын айтты
Шалғай ауыл тұрғындары үшін мемлекет спутниктік интернет құнын субсидиялауы мүмкін. Себебі бұл қызметтің бағасы қазір қымбат. Жаңа тетік оптикалық желі тартылмаған елді мекендерге қатысты болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Мәжілісте спутниктік интернеттің Қазақстан аумағындағы жұмысын реттеуге арналған заң жобасы қаралды.
Құжатта байланыс қызметтері елдің киберқауіпсіздік және ұлттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес болуы тиіс екені көрсетілген. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында шектеу қойылған сайттар мен қосымшаларға қолжетімділік мәселесі де заң аясында қарастырылады.
Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі Қазақстанда Starlink желісі бойынша келісім жасалып жатқанын айтты.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Amazon және қытайлық компаниялардың спутниктік интернет желілері де ел нарығына келуі мүмкін.
«Қазір бізде келісімшартқа қол қойып отырған – Қазақстандағы Starlink желісі. Одан кейін келуді жоспарлап отырған Amazon компаниясының спутниктік желісі және кейін қытайлық компаниялар да кіруі мүмкін. Яғни, болашақта интернет пойыздарда, ұшақтарда және автотрассаларда да қолжетімді болады», – деді депутат.
Оқи отырыңыз: Саммит қарсаңында Түркістанда жаңа сәулеттік нысандар бой көтерді