Саммит қарсаңында Түркістанда жаңа сәулеттік нысандар бой көтерді

Биылдың өзінде Түркістанға 350 мыңнан астам турист келген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне дайындық қызу. Халықаралық басқосу қарсаңында рухани астананың келбеті өзгеріп, тың жобалар іске асты. Шаһардағы ірі сәулеттік нысандардың құрылысы аяқталып, қала меймандарды қабылдауға әзірлік жүріп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Түркістанға табан тіреген әрбір мейманның көзі әуелі алып тайқазанға түседі. Қаланың кіреберісінде менмұндалап тұрған сәулет туындысының биіктігі 10 метрден асады. Оның тұғырында бауырлас халықтардың ортақ белгісі бедерленсе, қазанның сырты ғибратты жазулармен көмкерілген.

Бұдан бөлек, Этноауыл кешені де бой көтерді. Онда биіктігі 15 метрлік үлкен киіз үй орналасқан. Ақ орда пішініндегі ғимарат бейресми жиынға арнап салынды.

«Бұл құрылыс небәрі 2,5 айдың ішінде салынды. Оған жүзден астам техника жұмылдырылып, уақыттың тығыздығына байланысты 700-ден аса адам еңбек етті. Киіз үйдің қаңқасы темір каркастан жасалып, сырты шыны талшықпен қапталған. Іші ұлттық ою-өрнектермен безендірілген», – деді Түркістан қаласының бас архитекторы Мұхит Көшенов.

Алып киіз үйде ірі форумдар өткізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар 9 гектар аумақта бірнеше киіз үй, қолөнер шеберханалары мен 200 орындық автотұрақ қарастырылған. Саммитке келетін мәртебелі қонақтарды қабылдауға қаланың қонақүй қызметі де дайын.

«Қалада 70 орналастыру орны бар. Оның ішінде 58 қонақүй, 9 жатақхана және 4 хостел жұмыс істейді. Қазіргі таңда Түркістанға келетін қонақтарды қарсы алып, оларды орналастыру және делегацияларды бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Түркістан қалалық кәсіпкерлікті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Атхам Өмірзақ.¤

Биылдың өзінде Түркістанға 350 мыңнан астам турист келген. Алқалы жиынға орай салынған бұл алып кешендер саммиттен кейін де облыс орталығының туристік әлеуетін арттыратын негізгі локациялардың біріне айналмақ.

Нұркен Әкімхан, «Алматы» телеарнасы, Түркістаннан

Оқи отырыңыз: Әлемді алаңдатқан хантавирустың Қазақстанға таралу қаупі бар ма

Новости партнеров