Ғылым және жоғары білім министрлігі жастардың әлеуметтік,волонтерлік, спорттық және мәдени іс-шараларға қалмай қатысуын қадағаламақ
Студенттердің қоғамдық және волонтерлік жұмыстарға атсалысып, белсенділік танытуы оларды бағалауға әсер етеді. Жастардың сабақтағы бағасынан бөлек, университет қабырғасындағы түрлі іс-шараларға қатысқаны ескеріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Студенттер университет қабырғасында тек білім алумен шектелмейді. Ғылым және жоғары білім министрлігі алдағы уақытта жастардың сабақтағы жетістіктерімен қатар әлеуметтік,волонтерлік, спорттық және мәдени іс-шараларға қалмай қатысуын қадағаламақ. Оқудан бөлек, ұл-қыздардың белсенділігі де баллмен бағаланады. Мамандардың сөзінше, жаңашылдық азаматтарды өзге де жұмыстарға араластырып, жан-жақты дамуына, қоғамға пайдалы болуына сеп болады.
«Интегралды джипиейде жастардың әлеуметтік жобаларға қатысуы, сонымен қатар ғылыми жобаларға қатысу нәтижелерінің барлығы бірге есептелетін болады. Негізгі мақсат – бүгінгі таңда жастармен жұмыс жасау. Жастар арасындағы негізгі идеологияны қалыптастыру», – деді ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.
Министрліктің бұл бастамасын жастармен тығыз жұмыс істейтін университет мамандары да қолдайды. Сөздерінше, жаңа жүйе студенттердің жан-жақты дамуына жол ашады. Яғни, жас буын тек біліммен шектелмей, қоғам өміріне белсене араласуға мүмкіндік алады.
«Университет студенттер үшін кірпіш боп қаланатын үлкен мүмкіндік. Неге десеңіздер, кез келген бағытта жұмыс істейтін болса, ертең ол өзінің өмірлік азығын дұрыс табатынына сенемін. Студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану деп түсінеміз», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ жастар ісі жөніндегі бөлімнің басшысы Райымбек Пірәлі.
Жаңашылдыққа жастар да оң көзбен қарайтындықтарын жеткізді. Қоғамдық белсенділік бағаланатын болса, қызығушылық та артта түспек.
«Біздің университеттегі жастар оң бағалайды. Өйткені, ең әуелі белсенді студенттердің саны артады. Жаңалық кез келген студентті қызықтырады деп ойлаймын. Екіншіден, кез келген қоғамдық жұмыстарға тартылғысы келетін жастардың саны артады. Демек, жастардың саны артқан сайын сәйкесінше, қоғамдық жұмыстардың да беделі артады», – деді студент Мадияр Мұқашев.
«Болашақта керек болады. Қоғамдық іс-шаралармен айналысып жүргендіктен, бұл – жағымды жаңалық», – деді студент Гүлнұр Уәлихан.
«Университет тек білім алып қоятын жер емес. Сонымен қатар болашаққа дос, орта таба алатын жер деп есептеймін. Қазіргі таңда көп мамандар диплом алып, жұмысқа кіре алмай жүрген. Ал студенттік ұйымдар болашақта жұмыс орнын табуға көмектеседі», – деді студент Арман Жарылқасынов.
Айта кетейік, аталмыш құжатта бұдан бөлек, грант негізінде оқып жатқан студенттің академиялық қарызы болған жағдайда оны басқа жоғары оқу орнына ауыстыруға жол берілмейтіндігі мен тәрбие жұмысына қатысты нормаларды енгізу қарастырылатыны жазылған. Жоба 29 қыркүйекке дейін қоғам талқысына шығарылды.
Диана Тұрлыбек, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалану тоқтатылуы мүмкін