Су ресурстарын үнемдеу: Қазақстанда күріш егісі 21,6 мың гектарға қысқарды
Еліміздің ірі су қоймаларында 57,9 млрд текше метр су жинақталған
Қазіргі вегетациялық кезеңге дайындық аясында болжамды су балансы ескеріліп, оңтүстік өңірлерде көшпелі кеңестер өткізілді. Олардың қорытындысы бойынша су пайдалану лимиттері келісіліп, егіс алқаптарының құрылымы оңтайландырылды. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Суды көп қажет ететін күріш дақылының егіс көлемі 21,6 мың гектарға, яғни 100,5 мың гектардан 78,9 мың гектарға дейін қысқартылды. Қызылорда облысында – 10,7 мың гектарға, Алматы облысында – 3,2 мың гектарға, Түркістан облысында – 7,4 мың гектарға, Жетісу облысында – 0,3 мың гектарға. Қабылданған шаралар суармалы судың тұрақты берілуін қамтамасыз етуге және вегетациялық кезеңді тұрақты өткізуге мүмкіндік берді», – деді спикер баспасөз конференциясында.
Биылғы вегетация кезеңінде 1,1 млн гектарға жуық егістік алқапты суаруға 11,1 млрд текше метр су пайдаланылды.
Сондай-ақ Қазақстанның ірі су қоймаларында 57,9 млрд текше метр су жинақталған.
Вегетациялық кезеңнің соңында еліміздің ірі су қоймаларында 57,9 млрд текше метр су жинақталды, бұл олардың жобалық көлемінің 67%-ын құрайды. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов хабарлады. Оның айтуынша, бұл жағдай гидрологиялық тұрақтылықты сақтауға және экологиялық әрі табиғат қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік береді.
«Вегетация кезеңі барысында Солтүстік Арал теңізіндегі су деңгейін ұстап тұру үшін 842 млн текше метр су жіберілді. Вегетация кезеңі аяқталғаннан кейін су жіберу көлемі секундына 170 текше метрге жеткізіледі. Жыл соңына дейін теңізге тағы 1 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр», – деді спикер баспасөз конференциясында.
Оқи отырыңыз: Дифтерия қандай ауру және одан қалай қорғануға болады