Биыл өңірге 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген
Шығыс Қазақстан су тасқынына дайындықты бастап кетті. Өңірде 70 елдімекен мен 3 жарым мыңнан астам үй қауіпті аймақта орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміздің шығысында су тасқынынан келер қауіп сейілер емес. Тек соңғы екі жылда тілсіз жау өңірді оразан зор шығынға батырды. 2010 және 2018 жылдардағы оқиға қайталанбас үшін жергілікті билік көктемгі тасқынның алдын алуға қамданып кетті. Бірнеше жыл бұрын жүздеген үйді шайған Прогрес ауылының маңындағы Глубочанка өзенінің арнасын бекіту жұмыстары қызу жүріп жатыр.
«Өзен арнасын кеңейткен сайын су өткізу мүмкіндігі артады. Бұл тасқын қаупін азайтады. Су жиналу аумағы - 24 мың шаршы шақырым», – деді Глубоков ауданы бойыншы ТЖБ бас маманы Константин Боровиков.
Ауқымды жұмыстар аймақтың ең үлкен өзенінде де жүргізіліп жатыр. Ертіс жыл сайын Прапорщиково ауылының маңында тасып, халықтың зәре құтын қашырады.
«Біріншіден ешкім үйін тастап кеткісі келмейді. Мұнаралар үшін уайымдаймыз, құлап кетсе қайтеміз», – деді Прапорщиково ауылының тұрғыны Наталья Мосиенко.
Қазір қауіптің беті қайтты деуге болады. Мердігерлер ауыр техникамен арнаны тегістеп, қорғаныс бекеттерін қоюда. Мамандар «толқын енді жағалауды шаймайды» дейді. Тас бөгеттер мен таудан келетін өзендердің де арнасы бекітіліп жатыр.
«Бүгінгі таңда үш ауданда жұмыстар аяқталды. Алтай ауданындағы Путинцева ауылында біраз тірлік бар. Негізгі жұмыстар – жағалауды бекіту, арнаны кеңейту және судың ағысына кедергі келтіретін өсімдіктерден тазарту», – деді ТЖД басқарма басшысы Арман Наурызбаев.
Ал Ахмер ауылындағы үйлер жыл сайын жауын суынан зардап шегетін. Тұрғындар шаруаны өз мойынына алып, сыртқа шығаратын.
«Су үйге кіретін. Мысалы мына қарсы тұрған баспанаға келген су қора арқылы келесі үйді де басып қалды. Жаз мезгілінде жауын қатты жауса, басып қалады», – деді «Таза Өскемен» коммуналдық ұйымының бас маманы Шакерхан Әкежанов.
Енді көше бойына бетон арықтар мен трубалар төселді. Олар арқылы секундына 1 жарым текше метр су ағып өтіп, үйге жетпейді. Төтеншеліктер жыл соңына дейін барлық жұмыстар аяқталатынын айтты. Су тасқынының алдын алуға биыл өңірде 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Асыл Махметов, Руслан Мухамедьяров
Оқи отырыңыз: Шымкентте мектеп оқушысы пойыздың үстіне шығып, тоққа түсті