Министр «агросалаға жыл сайын су үнемдеу технологияларын қолданысқа енгізу қажет» деді
Сыр өңірінде су тапшылығы айқын сезіле бастады. Күріш егетін диқандар қашыртқылардағы суды қондырғылардың көмегімен қайта пайдалануға көшті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл өңірде 189 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылы егілді. Күріштің көлемі 81 мың гектарға жуықтайды. Бұл егіс көлемінің 43 пайызы. Мамандар дария деңгейінің жылдағыдан төмен болатынын ерте көктемнен ескерткен. Десе де Жер-анадан ырзық несібесін терген шаруалар жылдағыдай тәуекелге бел буыпты. Олар «егіс алқабының жетпіс пайызын сақтап қалсақ та олжа» дейді.
«Ауылдық округ бойынша 10 шақты сорғы жұмыс істеп тұр ғой. Жеке шағын шаруашылықтар шағын сорғы қойып жатыр. Биыл 150 гектарға жақын күріш дақылын отырғыздық. 50 гектар жер судан қалып тұрмыз, қалған 100 гектарды сорғы ақылы суғарып отырмыз», – деді шаруа Ақтан Момынұлы.
Ендігі амал шаруалардың шығынсыз шығуы үшін жан-жақты қолдау көрсету. Дәл қазір өңірде бес магистральдық және үш шаруашылықаралық канал бойынша кезектесіп су берілуде. Аймақтағы егіс алқабының 98 пайызы кезекпен суарылып жатыр.
«Облыс бойынша қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану бойынша 324 сорғы қондырғысы жұмыс жасауда. Үкімет тарапынан суару маусымында 25 жылжымалы сорғы қондырғысын жеткізіп берді», – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биыл жағдайдың күрделі екенін ашық айтты. Сондықтан ол күріш алқабын лазерлік тегістеудің маңызды екенін жеткізді.
Айта кетейік, 55 мың гектар күріш алқабын лазермен тегістеудің арқасында Қызылорда облысында 200 млн текше метр су үнемделген.
«Биыл 81 мың гектарға күріш ресми егілді. Соның 60 мың гектары лазерлік тегістеуден өткен. 100 пайыз пайдалануымыз керек. Себебі суды үнемдеу керек», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Министр «агросалаға жыл сайын су үнемдеу технологияларын қолданысқа енгізу қажет» деді. Бұл бағытта жауапты ведомство тарапынан жан-жақты қолдау болмақ.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан
Оқи отырыңыз: Арал ауданындағы ауылда ауыз су мәселесі шешілді