Референдумға дейін:
13
күн
16
сағат
55
минут

Щучинсктегі жойқын жарылыс: қылмыстық іс қозғалды

Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен оқиғаның себептерін анықтау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысының Щучинск қаласында болған жойқын жарылыс жеті бірдей адамның өмірін қиды. Қайғылы оқиға құрбандарының арасында 15 жастағы жасөспірім бар. Бұдан бөлек, тағы 20-дан аса адам түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізіліпті. Зардап шеккендердің басым бөлігін күйік шалып, дәрігерлер олардың өмірі үшін арпалысып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қайғылы оқиға түнгі сағат 22:00  шамасында палау тағамын әзірлейтін дәмханада болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, газ-ауа қоспасы жарылып, артынша өрт тұтанған. Өкінішке қарай, соңғы мәлімет бойынша 7 адам қаза тапты. Олардың бесеуі – әйел, екеуі – ер адам.

«Бізге жеткізілген науқастардың ең жасы – 15 жастағы қыз бала. Ол дәмханада ыдыс жуушы болып жұмыс істеген. Өкінішке қарай, жасөспірім ауруханаға түскен сәтте көз жұмды. Зардап шеккендердің шамамен 50 пайызының беті мен аяқ-қолын күйік шалған. Қазіргі уақытта жағдайы ауыр үш науқасты Астана қаласындағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр», – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермеков.

Оқиға орнына өрт сөндірушілер шақырту түскеннен кейін 5 минут ішінде жетіп, қызыл жалынды дер кезінде ауыздықтапты. Құтқарушылар ғимарат ішінен 8 газ баллонын алып шыққан. Куәгерлердің айтуынша жарылыс қатты болған.

«Жарылыстан кейін шамамен 30–40 минут өткен соң оқиға орнына келдім. Ол кезде ғимарат толықтай жанып кеткен. Құтқарушылар қаза тапқандардың мәйітін алып шығып жатты. Алайда қою түтін олардың жұмысын қиындатты. Олардың әбден шаршағаны байқалды», – деді куәгер Айдос Дауылбай.

Қайғылы оқиғаның алғашқы минуттарынан бастап қаза тапқандардың туыстары мен барлық зардап шеккен азаматқа психологиялық көмек көрсетілді. Әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалмапты.

«Зардап шеккен азаматтарға 1 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі. Ал қаза тапқан азаматтардың отбасыларына 2 миллион теңге өтемақы беріледі. Сонымен қатар марқұмдарды жерлеу рәсімдерін ұйымдастырып береміз. Қара жамылған отбасыларға, қайғыра көңіл айтамын», – деді Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Арнайы жедел штаб құрылып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен оқиғаның себептерін анықтау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды.

Мәди Мәлік, Карина Негметова, Ақмола облысы

Оқи отырыңыз: Сабақ үстінде оқушыға қырыңдаған мұғалім мәселені шешу үшін ақша ұсынған

Новости партнеров