Шығыс Қазақстанда құсбегіліктен тұңғыш рет Азия кубогы өтті
Додаға Испаниядан Моңғолияға дейінгі он елдің өкілдері қатысты
Айбарлы қырандар, білекті батырлардың бәсекесі мен көшпенділердің ғасырлар бойы сақталған салт-дәстүрі. Шығыс Қазақстандағы Бүркіттөбе жазығында құсбегіліктен тұңғыш рет Азия кубогы сарапқа салынды. Додаға Испаниядан Моңғолияға дейінгі он елдің өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құсбегінің қолындағы ишараны аңғарған бүркіт ер-тоқымнан көтеріле бере, көздеген нысанасына қарай беттейді. Жарыс ережесіне сәйкес, қыран жүздеген метрді еңсеріп, иесінің белгісін мүлт жібермей тануы керек. Бүркіттөбе жазығына Азияның ең үздік құсбегілері жиналды. Ал алыстан ат терлетіп келген қонақтар үшін Бозанбайдағы бұл турнир көшпенділер мәдениетіне терең бойлаудың мүмкіндігі болды.
"Қазақстан - саятшылық өнерінің отаны. Мұнда үнемі келіп, жаңа нәрселерді үйренемін. Мәселен, Мажарстанда сұңқармен аңға жаяу шығады. Ал Қазақстанда атпен аң аулайды. Бұл өте әсерлі. Оның үстіне, халқы қонақжай, тағамдары да дәмді", - деді жарысқа қатысушы Бенса Фабош(Мажарстан).
Ал Испаниядан келген Жюльен Барра Қазақстанға алғаш рет табан тіреген. Ол жыртқыш құстармен 16 жылдан бері айналысып, қанаттылармен түрлі шоу ұйымдастырады. Дегенмен оны мұнда ат үстіндегі саятшылық қана емес, жүйрік тазы мен ата-баба мұрасына деген құрмет таңғалдырған.
"Маған мұнда бәрі қызық. Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Мұнда құсбегілік пен тазы баптау дәстүрінің сақталғаны таңғалдырады. Тіпті әр құсбегінің киімі де қолдан тігілген, өзіндік ерекшелігі бар. Испанияда мұндайды кездестірмейсіз", - деді жарысқа қатысушы Жюльен Барра (Испания).
Үздік атану үшін екі жүзге жуық құсбегі бақ сынады. Доданың ауқымына өңірдегі көршілес елдердің өкілдері де жоғары баға берді.
"Азия кубогы секілді маңызды іс-шарадан қалыс қала алмадық. Жарыстың ауқымы өте үлкен. Қазақстанда саятшылық өнері сақталып қана қоймай, жоғары деңгейде дамып келеді", - дедіқұсбегі Ербол Мұңғылхан (Моңғолия).
Жеңімпаздар бүркіт, сұңқар және қаршыға салудан сынға түсті. Әсіресе, қаршыға салудан өткен сайыста елдің оңтүстік өңірлерінің құсбегілері арасында тартыс күшейді. Түркістан облысынан келген Зәки Махмұдхан қыранын жарысқа бір ай бойы дайындаған. Тынымсыз жаттығудың нәтижесі де жоғары болды.
"Бір ай бойы дайындалдық, жарыс өте тартысты болды. Әсіресе, Жамбыл облысының балаларымен финалға бірге шықтық. Финалда құстың бағы жанды", - деді қаршыға салудан жарыс жеңімпазы Зәки Махмұдхан.
Құсбегілік сайыстарынан бөлек, көрермендер ат жарысын, садақ ату және күш сынасуды тамашалады. Салмағы 100 келіден асатын алып тастарды орнынан қозғап, көтеріп жүруге әйгілі спортшылардан бастап, екі жастағы бүлдіршіндерге дейін талпынды. Алайда барлығынан оқ бойы озық шыққан - Шемонаиха ауданынан келген еркін күрес шебері Жасұлан Тілеубердин. Ол ауыр тастарды көтеріп, бірден 50 метрге дейін алып өтті.
"Маған қатты ұнады. Керемет әсер алдым, эмоция өте күшті. Еңбегімнің нәтижесі де көп күттірмеді деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға, төрешілерге және барлық қатысушыға рақмет!" - деді күш атасы сайысының жеңімпазы Жасұлан Тілеубердин.
Ауқымды іс-шараға 15 мыңға жуық көрермен жиналды. Турнир барысын ЮНЕСКО істері жөніндегі комиссияның халықаралық сарапшылары да жіті бақылап отырды. Сондай-ақ Қазақстан құсбегілік өнері мен тазы баптау дәстүрін адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізу туралы ресми өтінім берді.
Гүлмарал Изатқызы, Руслан Мұхамедияров
Оқи отырыңыз: Жүзуден әлем кубогы кезеңінде бақ сынайтын Қазақстан құрамасының тізімі анықталды