Шымкентте есірткі сатумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды

03.08.2026 18:29

Заңсыз жұмысының ақысы криптовалюта арқылы төленіп келген

Шымкентте есірткі сатумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды. Қарағандылық жұп синтетикалық заттың ірі партиясын Алматыдан Шымкентке жеткізіп, кейін оны оңтүстік өңірлерге тарататуды жоспарлаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

 Алайда олардың бұл жоспары жүзеге аспады. Полицейлер көлікті тоқтатып, жүксалғыштан салмағы 2 келіге жуық мефедрон салынған төрт ораманы тапқан. Ұсталғандар есірткіні қайдан алып, қайда жеткізу керек екенін әлеуметтік желі арқылы біліп отырған. Ал заңсыз жұмысының ақысы криптовалюта арқылы төленіп келген.

«Қамқорлығында кәмелетке толмаған 3 баласының болуына қарамастан ерлі-зайыпты заңсыз табыс табу жолын саналы түрде таңдаған. Жауап алу барысында ұсталғандар кінәларын толық мойындады. Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның каннабис тобына жататын есірткі заттарын пайдаланғаны расталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлайды ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Оқи отырыңыз: МӘМС ақшасы қалай ұрланды: емханалардың заңсыз схемасы әшкере болды