Қалада 270-ке жуық мектеп пен балабақша бар
Шымкентте білім беру нысандары жаңара түсті. Қазір қала бойынша 7 білім ошағына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның алтауы – мектеп болса, жарты ғасырдан астам тарихы бар 1 бөбекжай биыл алғаш рет күрделі жөндеудің игілігін көріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – 62 жылдық тарихы бар балабақшаның бірер ай бұрынғы кейпі. Жылдар ізін қалдырған ғимарат бүгінде адам танымастай өзгерген. Нысанды жаңғыртуға мемлекеттен 117 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді. Қасбеті жаңарып, ішкі бөлмелері де заманауи талапқа сай қайта жасақталды. Қазір мұнда бүлдіршіндердің алаңсыз ойнап, тәлім алуына барлық жағдай жасалған.
«Жөндеу жұмысынан кейін бәрі өзгерді. Әдемі көңіліміз толып, қуана-қуана келіп жатырмыз. Балам да қуананып жүр», – деді ата-ана Гүлмира Сенгерова.
Екі айға созылған күрделі жөндеу жұмыстары бөбекжайдың ажары ашылып, жұмыс жағдайы да жақсарған. Мұнда бүлдіршіндермен қоса, тәрбиешілер үшін де қолайлы орта қалыптасты. Мамандар жаңарған ғимарат балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге үлкен мүмкіндік беретінін айтты.
«Балабақша 1964 жылы салынған, 62 жылдан бері әбден тозығы жеткен, күрделі жөнделмеген еді. Ал қазір балаларға өте қолайлы жағдай жасалған. Мақсатымыз – осы, оларды қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ортада тәрбиелеу», – деді балабақша меңгерушісі Жұмагүл Шегебайқызы.
Шымкенттегі білім беру нысандары біртіндеп жаңарып келеді. Бүгінде қалада 270-ке жуық мектеп пен балабақша бар. Жауаптылар олардың жағдайын жақсартып, заман талабына сай ету бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын айтты. Былтыр 10 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өткен.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Алматыда Абай даңғылының бір бөлігінде қозғалыс жөндеуге байланысты ішінара шектеледі