Шымкентте газдан улану дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр
Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады
Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінде газға уланып, бес адам зардап шекті. Өкінішке қарай, қайғылы оқиға салдарынан 15 жастағы қыз бен 4 жастағы бала көз жұмды. Қазір аталған үй газдан толық ажыратылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Трагедия Күншығыс шағынауданындағы пәтерлердің бірінде болған. Баспананы екі келіншек балаларымен бірге жалдап тұрған. Газға уланған әйелдердің бірі есін жиып, шұғыл түрде көмек шақырған. Алайда тілсіз жаудың салдарынан бірі 15 жастағы қызынан, екіншісі төрт жастағы ұлынан айырылып қалды.
«Газ колонкасынан угар газы шыққан. Содан қызымыз қайтыс болып отыр ғой. Сіңілімнің баласы оның құшағында, көрпенің астында ұйықтап жатқан бетінде көз жұмды», – деді марқұмның туысы Дильбар Сайдхожаева.
Ал екінші келіншек үш жастағы қызымен бірге ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, бүлдіршіннің жағдайы әлі де ауыр. Ақ халаттылар науқастардың өмірі үшін күресіп жатыр. Ең ауыры — ем-дом қабылдап жатқан ана ұлынан айырылғанын білмейді.
«Дәрігерлердің шұғыл көмек көрсетуінің арқасында 1999 жылғы науқастың жағдайы жақсарып, токсикология бөліміне ауыстырылды. Ал 2023 жылғы баланың жағдайы біршама жақсарғанымен, емін әлі де жансақтау бөлімінде жалғастыруда», – деді Гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.
Үй тұрғындарының айтуынша, бұған пәтердегі газ құрылғысының дұрыс орнатылмауы себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар баспана иесі жалға берілген үйдегі жабдықтардың жай-күйін мүлде қадағаламаған.
«Газ дұрыс орнатылмаған, әрі өте ескі. Пәтер иесі басқа жақта тұрады, ал бұлар – жалға алушылар. Түтін шығатын құбыр дұрыс істемегендіктен, улы газға уланып қалған», – деді көршісі.
Қайғылы оқиғадан кейін мамандар көпқабатты үйдегі пәтерлерді жаппай тексере бастады. Жауаптылар бұл ғимараттағы су жылытқыштар рұқсатсыз орнатылғанын айтады. Демек, қауіпсіздік талаптарының сақталмауы осындай орны толмас қасіретке әкеп соқтыруы ықтимал.
«Біздің апаттық қызмет барып тексерген. Ол жерде көміртегі газының концентрациясы анықталған жоқ. Қазіргі таңда уәкілетті органдар тексеру жүргізіп жатыр, нақты нәтижесі кейін белгілі болады. Бұл үйлер тек газ плитасына ғана арналған, ал мұнда қосымша су жылытқыш орнатылған. Бұл үйлерге оны қоюға рұқсат етілмейді», – деді газбен жабдықтаушы компанияның өндірістік-техникалық бөлім бастығы Нұрбек Рахманов.
Екі отбасының шаңырағын шайқалтқан оқиғаның мән-жайы мен себептері жан-жақты тексеріліп жатыр. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады.
Лаура Бабас, Шымкент
Оқи отырыңыз: Ақтөбедегі ескі жатақханада екі аптада 4 рет өрт шықты