Ақтөбедегі ескі жатақханада екі аптада 4 рет өрт шықты

Бүгінде мұнда 30-ға жуық отбасы тұрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Екі аптада 4 рет өрт шыққан. Ақтөбедегі тозығы жеткен жатақхананың тұрғындары өз өмірі үшін алаңдаулы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жатақхана жарты ғасыр бұрын салынған. Бүгінде мұнда 30-ға жуық отбасы тұрады. Соңғы уақытта тұрғындардың тыныштығы бұзылып, қалыпты өмірі қауіпке толған. Олардың айтуынша, мұнда кейінгі 2 аптада 4 рет өрт тұтаныпты.

«Бірінші күні өрт шықты. Сол түні сағат 05:00-де тағы да өрт болды. Бір аптадан кейін тағы жанды. Алдыңғы күні тағы өрт шықты. Таң атқанша далада тұрдық. Көз аштырмастай қалың қою түтін тұрды», – деді қала тұрғыны Назира Сағымбаева.

Қызыл жалын жертөледегі қойма мен баспалдақ астындағы электр қалқанынан шыққан. Тұрғындар мұны қасақана жасалған қастандық па деп алаңдайды. Сөздерінше, бөлмелердің бірінде көршілердің шырқын бұзып, жиі бас қосатын шулы адамдар бар. Сондықтан өртке біреудің себеп болуы мүмкін дегенді де жоққа шығармайды.

«Бүгін үшінші күн жарықсыз отырмыз. Су да болған жоқ. Бұл не деген сұмдық?! Бізге назар аударуыңызды сұраймыз. Мұнда мүгедектігі бар адамдар, қарттар мен балалар тұрады. Түтінге тұншығып жатырмыз. Түнде ұйықтамай, кезекшілік етуге мәжбүрміз», – деді қала тұрғыны Татьяна Афиногенова.

Тұрғындар әкімдік пен полициядан көмек сұраған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, өрттің шығуына электр қалқанындағы ақау немесе сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болуы мүмкін. Ал жергілікті билік электр сымдарының тозғанын айтады. Оның үстіне, ғимарат өткен жылы апатты деп танылған.

«Бұл үй 1972 жылы пайдалануға берілген. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Тек бірнеше рет жеңіл жөндеу жасалып отырған. Қазір «Энергосистема» мекемесінің көмегімен үйдің төрағасы келісімге келді. Мекеме ғимаратқа дейінгі сыртқы электр желісін тартып берді. Енді ішкі электр сымдарын тұрғындардың өздері жүргізуі керек», – деді Ақтөбе қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қоры КММ басшысы Асхат Қазиев.

Ал өрттің нақты неден шыққаны әзірге анықталған жоқ. Көпшілік әлі де қауіптеніп отыр. Түтіннің иісі шықса, тағы да өрт тұтана ма деп алаңдайды. Олар үшін ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қайғылы жағдайдың алдын алу.

Олжас Омарбек, Наталья Лаврентьева, Әлихан Молдабек, Ақтөбе

Оқи отырыңыз: Қыста қатып қалады: ШҚО-да тұрғындар үйіне су жинап қоюға мәжбүр