Шымкентте спортшыны ұрлап, өлтірген қылмыстық топ мүшелері сотталды
Қаңтарда Шымкенттің қақ ортасында адам ұрлағандардың әрекеті видеоға түсіп қалған
Бетперде киіп, қаланың қақ ортасында төбелес шығарған қылмыстық топ мүшелері сотталды. Қаңтар айында Шымкентте болған қанды оқиға көпшіліктің төбе шашын тік тұрғызған еді. 40 жастағы спортшыны күшпен әкетіп, ақыры ажал құштырғандардың ісіне бүгін нүктесі қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаңтарда Шымкенттің қақ ортасында адам ұрлағандардың әрекеті видеоға түсіп қалған. Бір топ азамат тапа-тал түсте еркін күрестен спорт шебері Василий Колесниковты күштеп көлікке отырғызып, алып кеткен. Кейін марқұмның денесін қала сыртына тастап кеткен. Бүгін осы қылмысқа қатысы бар 6 адамға сот үкімі шықты. Судья оларға 20 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
«Бұл жерде Арысбаев, Іңкәрбеков, Қызбалаевтарға көбірек жаза тағайындағанбыз. Өйткені олар бұрын сотты болған. Соттылықтары жойылса да ешқандай нәтиже шығармады. Шаңқай түс кезде, қаланың қақ ортасында қылмыс жасағаны үшін оларға 23 және 22 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деді судья Әбинұр Қарабаев.
Сот процесінде қылмысқа қатысқандар ғана емес, істі тергеген полицейлер де жауапқа тартылды. Судья тергеу барысындағы кемшіліктерді жіпке тізіп шығып, оларға жекеше қаулы шығарды.
«Қуандықов бұрын сотты болған. Пробациялық бақылауда жүре тұра, қайтадан аса ауыр қылмыс жасады. Бұл жерде пробациялық бақылаудың қызметкерлері тарапынан заңбұзушылықтарға жол берілген. Яғни, Қуандықовты дұрыс бақылауда ұстамаған. Оған қатысты ешқандай шара көрмеген», – деді судья Әбинұр Қарабаев.
Сотталушыларға түрме жазасы кесіліп қана қоймай, жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу де міндеттелді. Бірақ зардап шегуші жақ қылмысқа қатысы бар адамдардың өмір бойы түрмеде отырғанын қалайды.
«Үкіммен келіспейтінім, заңбұзушылық жасауға ықпал жасаған 3 автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленуі керек еді. Осы мәселеге қатысты шағым беруім мүмкін», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Талғат Есімов.
Айта кетейік, қаңтардағы қанды қылмысқа қатысы бар тағы 2 адам әлі күнге дейін іздеуде жүр. Тіпті бірінің жеке басы әлі анықталмаған.
Лаура Бабас, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Қазақстан киберқылмысқа қарсы күресте басқа елдермен өзара іс-қимылды күшейтеді