Екі күнде 200-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған
Шымкентте жолдағы тәртіпті бақылау күшейді. Бұған бірнеше күн бұрын жүк көлігінің астына түсіп, көз жұмған оқушының қазасы себеп. Полиция қызметкерлері ауқымды рейд жүргізіп, ауыр техникаларды жаппай тексеріп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бабур Расулматов 4 жылдан бері жүк көлігін жүргізеді. Ол ауыр техниканы басқару асқан жауапкершілікті талап ететінін айтты. Сондықтан жас жігіт қауіпсіздік мәселесін ешқашан немқұрайлы қарамайды.
«Рейдтік іс-шара жүргізіп жатқаны дұрыс болған. Жақында ғана үлкен машинаның балаларды ұрып кеткенін естідік, көрдік», – деді қала тұрғыны Бабур Расулматов.
Ауқымды тексерістің басталғанына 2 күн болды. Осы уақыт ішінде 200-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сондай ақ ереже сақтамаған 87 көлік арнайы айып тұрағына қойылды.
«Жолдағы балалар» жедел алдын алу профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Электрлі самокат, велосипед, мопед және өзге де жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылар тарапынан болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында рейдтік-профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда», – деді Патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Асылжан Озғанбай.
Еске салсақ, 1 маусымда Шымкентте ауыр жүк көлігі 11 жасар баланы басып кеткен. Ауыр жарақат алған оқушы оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Осындай қайғылы жайттардың алдын алу үшін тәртіп сақшылары балалар мен ата-анаға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауды ескертеді.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Атырауда шомылу маусымы кейінге шегерілді