Референдумға дейін:
9
күн
17
сағат
26
минут

Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінен төрт адамның мәйіті табылды

Көзге көрінбейтін қауіп бір сәтте үш бірдей отбасының шаңырағын шайқалтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінен төрт адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, олардың қазасына улы газ себеп болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

Газдан уланған төрт бірдей адамды бүгін жақындары соңғы сапарға шығарып салды. 32 жастағы келіншек пен оның жасөспірім қайынсіңлісі жан тапсырған. Ал қатар тұрған пәтерден 24 жастағы жігіттің денесі табылса, үшінші қабатта жалдамалы пәтерде өмір сүрген студент қыз да сол түні көз жұмған. Олардың денесін төтеншеліктер есікті бұзып алып шыққан.

«Сағат 11:00 шамасында қызды тапқан. Естуіміз бойынша, пәтер жалдап тұрады.  Есікті ашып кірсе, жуынатын бөлме құлыптаулы болған.Шомылып жатқан кезде жүріп кетіпті. Жолдас баламның келіншегі барынша тырысып, жердің бәрін тырнап, көрпелерді түсіріп, шығуға әрекет жасаған да құлаған. Ал қарындасымыз сол күні ауырып, апасына сабаққа бармай-ақ қояйыншы депті», – деді марқұмдардың көршісі Ислам Файзуллаев.  

 Жергілікті жұрт бұл тұрғын үйде газ жүйесі жиі істен шығатынын айтады. Олар талай рет тиісті орындарға жүгінген. Бірақ дабылға құлақ асқан ешкім болмапты. Қайғылы оқиғадан үш күн бұрын газ иісі тіпті күшейіп, жұртты алаңдатқан көрінеді.

«Бұл сол күні шыққан газ емес. Бесінші қабатта жолдас балам тұрады. «Үш күннен бері ұйқыға тарта береді» деген. Подьездге кірсем иісті сезеді екен», – деді марқұмдардың көршісі Ислам Файзуллаев. 

Қайғылы жағдайға байланысты газ инспекциясы нақты түсініктеме берген жоқ. Ал полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету жайты бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру нәтижесімен іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деді Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қара жамылған тұрғындар қайғылы жағдайдың нақты себебін анықтап, істің әділ тергелуін талап етіп отыр. Сондай-ақ марқұм келіншектің артында қалған үш бірдей балаға да тиісті көмек көрсетілуін сұрайды.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков

Оқи отырыңыз: Қасқырға қой бақтырды: оңалту орталығында балаға қатыгездік көрсеткен күдікті қамауға алынды

Новости партнеров