Шымкенттік оқушылар домбыра тартуды үйрететін цифрлық жүйе әзірледі

Шымкен қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Шымкен қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Өнертабыстың көмегімен көру және есту қабілеті бұзылған жандар да ұлттық аспапта ойнай алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкенттік оқушылар домбыра тартуды үйрететін инновациялық құрылғы ойлап тапты. Өнертабыстың көмегімен көру және есту қабілеті бұзылған жандар да ұлттық аспапта ойнай алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл қарапайым домбыраға арнайы құрылғы орнатылған. Соның арқасында кез-келген адам ұлттық аспапта ойнауды өздігінен үйрене алады. Әсіресе, бұл өнертабыс көру және есту қабілеті бұзылған жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Мұндағы жарық диодты индикаторлар естімейтін адамдарға қай ішек пен қандай пернені басу керек екенін көрсетеді. Ал зағип жандар арнайы білезіктің дірілі арқылы қағысты меңгере алады.

«Біздің домбырамызда көру және есту қабілеті шектеулі азаматтар да ойнай алады. Бұл Брайл шрифтері мен арнайы вибро-күшейткіш датчиктерінің арқасында жүзеге асырылады. Брайл шрифтері домбыра мойнындағы арнайы кейсте орналасқан. Ол домбыраның қажетті пернелерін сипап сезу арқылы тауып, ойнауға мүмкіндік береді. Ал арнайы вибро-күшейткіш датчик есту қабілеті шектеулі жандарға домбырадан шығатын вибрацияларды күшейту арқылы әуеннің ырғағын бақылап отыруға көмектеседі», – деді 11-сынып оқушысы Зарина Бектулла

Құрылғының мүмкіндігі мұнымен шектелмейді. Оқушылар домбыраға арналған мобильді қосымша әзірлеген. Оның басты ерекшелігі – жасанды интеллект. Ақылды технология арқылы қазақ күйлерін ғана емес, әлемдік танымал туындыларды да домбырада орындауға болады. Ол үшін қажетті әуенді бағдарламаға енгізу жеткілікті. Жасанды интеллект шығарманы нотаға айналдырып, оны орындау жолын көрсетеді.

«Домбырада микрофон қарастырдық. Бұл микрофон «Алиса» деген құрылғы секілді. Адамдар домбырамен еркін сөйлесіп, кез-келген сұрағын қоя алатындай, OPEN AI бағдарламасын байланыстырып, микрофон қосымша ішінде қарастырылған. Сол арқылыжастарды қызықтыруды мақсат етіп отырымыз», – деді 11-сынып оқушысы Іңкәр Шаяхмет.

Жастардың тың жобасына қажетті жабдықтардың дені мектеп зертханасынан табылған. Бұл кабинетте оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, жаңа идеяларын жүзеге асыруына жағдай жасалған. Қолда бар техниканы тиімді пайдаланған оқушылар түрлі тәжірибелер жасап жүр.

«Қосалқы керек заттардың барлығын осындағы 3Д принтерларды қолданып, мектептің қабырғасында сәуірден бері жасап жатырмыз. Содан туындаған әркімнің жобасына қарай, мақсатына қарай қолданылады. Сол келген оқушыларға түсіндіріп, бағыттап, үйретіп қоямыз. Содан өздері жұмыс істей береді», – деді жоба жетекшісі Мұхтар Медетов.

Зарина мен Іңкәр әзірге жобасын жетілдіріп жатыр. Оны аяқтап, қолданысқа енгізу үшін демеушілердің көмегі керек екен. Егер бастама қолдау тапса, оқушылар құрылғыны тек домбыраға емес, өзге де ұлттық аспаптарға орнатуды жоспарлап отыр.

Лаура Бабас, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Ақ жаулықтан ақ кимешекке дейін: Қызылордада Республика күніне орай фестиваль өтті