Шымкенттік оқушылар есту қабілеті нашар жандарға арнайы көзілдірік жасады

15.05.2026 15:29

Мұндағы микрофон дыбысты жазып алады да, арнайы жүйе оны мәтінге айналдырады

Шымкенттік оқушылар әлемде баламасы жоқ, ерекше құрылғы ойлап тапты. Олар есту қабілеті нашар жандарға арнайы көзілдірік жасаған. Бұл құрылғы арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтар айналасындағы адамдардың сөзін түсіне алады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұдан бөлек, жастар зағип жандарға да арнайы кітап әзірлеп, олардың роботехникамен айналысуына жағдай жасаған.

Бұл ақылды көзілдірікті жасауға 2 жыл уақыт кетіпті. Мұндағы микрофон дыбысты жазып алады да, арнайы жүйе оны мәтінге айналдырады. Содан кейін ол жазба осы кішкентай ғана линзада көрсетіледі. Осылайша есту қабілеті нашар жандар айналасындағы адамдардың сөзін түсіне алады.

«Біздің мектепте өте көп құрал бар. Солардың арқасында жобамызды жасаймыз. 3Д принтер арқылы корпусы жасалды. Одан кейін код жаздық. Қалған құралдарды Қазақстанның басқа қалаларынан, Қытайдан тапсырыс бердік», – деді оқушы Ирисбек Улугбеков.  

Ал бұл кітап зағип жандарға арналған. Осы оқулық арқылы көз жанарынан айырылған азаматтар роботехникамен айналыса алады. Өйткені мұнда робот жасаудың қыр-сыры жазылған. Нұсқаулықпен бірге арнайы қобдиша да беріледі. Оның ішінде робот жасауға қажетті бөлшектер бар.

«Бұл кітаптың пайда болу тарихы менің зағип жандарға арналған кітапхана баруымнан басталды. Байқағаным жас балалар көп, әртүрлі затқа қызығады. Сол қызыққан заттарының біреуі трансформер болды. Ол енді робот қой. Ал біз роботты құраймыз. Неге оларды робототехника тартып көрмейміз деген ой пайда болды?» – деді оқушы Ерсұлтан Арын. 

Шымкенттік жастар ойлап тапқан екі жоба да америкалықтардың оң бағасын алып отыр. Тіпті робототехникадан Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында бірінші орын алған. Енді осы өнертабыстарға шетелдік компаниялар қызығып, оны әрмен қарай дамытуды көздеп отыр.

«Бұл оңтүстік өңірі үшін үлкен бір мәртебе десек болады. Себебі оқушылар бұл жарыс туралы біліп, тағы да осындай жарыстарға қатысуға серпініс алады деп сенеміз», – деді жоба жетекшісі Талғат Құрышқалиұлы. 

Дарынды оқушылар «ақылды құрылғы жасауды балабақшадан бастап үйрету керек» деп есептейді. Сол үшін олар арнайы кітап та жасаған. Осылайша дарынды жастар өңірдегі роботехника саласының дамуына үлес қосып жүр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Алматыда білім ошағында Ғабиден Мұстафин атындағы мұражай ашылды