Шаһарда басталған жедел алдын алу шаралары 3 қаңтарға дейін жалғасады
Алматыда жыл сайын жаңа жыл мерекесі қарсаңында орта есеппен 11 өрт оқиғасы тіркеледі. Өкінішке қарай, оның 18 пайызы пиротехникалық заттарды дұрыс қолданбаудың салдарынан болады. Сондықтан тәртіп сақшылары мен төтеншеліктер қауіпсіздік шараларын күшейтуге кіріскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа жыл жақындаған сайын қала көшелерінде отшашу саудасы қыза түседі. Қауіптілігіне қарамастан, сатушылар да, оны сатып алуға құмар жұрт та аз емес. Осыған байланысты қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен құқық қорғау органдары бірлескен рейд ұйымдастырып, Жетісу ауданында орналасқан екі бірдей базарға тексеру жүргізді. Нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 196-бабын өрескел бұзған 5 дерек анықталып, тиісті хаттамалар рәсімделді. Сондай-ақ 150 келіге жуық сертификатталмаған өнім тәркіленді.
«Алматыда 5 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүріп жатыр. Қазіргі таңда 9 желтоқсанда Төтенше жағдай департаментімен бірге «Байсат» пен «Ялян» сауда орталығында тексеру жұмыстарын жүргіздік. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден рұқсаты жоқ, кісілердің бәріне ескерту беріп, хаттама толтырып, әкімшілік жазаға тарттық», – деді Жетісу аудандық ПБ Қару айналымын бақылау және табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Ернар Айдарқұлов.
Тәртіп сақшылары пиротехникалық өнімдердің қауіпсіздік талаптарына қаншалықты сай келетінін жіті назарға алды. Сондай-ақ саудагерлердің арнайы рұқсат құжаттары да мұқият тексерілді. Ал төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жарылғыш заттар сатылатын орындарға қойылатын талаптарды түсіндіріп, қауіпсіздіктің сақталуы тиіс негізгі шарттарына тоқталды.
«Пиротехникалық өнімдерді сату барысында негізгі қауіпсіздік талаптары сақталмағаны анық көрініп тұр. Ең алдымен, мұндай тауарлар халық көп жиналатын орындардан алшақ, арнайы қоршалған аумақта сатылуы қажет. Сонымен қатар отшашулар ылғалды емес, құрғақ орында сақталуы керек. Ең қарапайым әрі маңызды талаптардың бірі – өрт сөндіргіш құралдардың болуы», – деді Жетісу аудандық ТЖБ инженері Ринат Төлегенұлы.
Айта кетейік, шаһарда басталған жедел алдын алу шаралары 3 қаңтарға дейін жалғасады. Осы аралықта 80-нен астам рейд ұйымдастырылып, 20-ға жуық ірі сауда орны жан-жақты тексеруден өтпек. Сондай-ақ заң талаптарын елемей, пиротехникалық өнімдерді рұқсатсыз саудалаған азаматтарға 100 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.
Мәди Мәлік. Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Жаңа жыл қарсаңында қосымша қандай пойыздар жүретіні белгілі болды