Шыны бетіне балғамен сурет салған: Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Сыр елінде ерекше көрме өтті

20.03.2026 20:27

Көрмеде жиырмаға жуық портрет қойылды

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Сыр елінде ерекше көрме өтті. Жас суретші Дәулетбек Тойшыбаевтың тың тынысты, жаңа өрнекті шығармалары «Оян» атты креативті көрмеде топтасқан, 

Талғамы биік көрерменді кенепке майлы бояу жағып таңғалдыру мүмкін емес. Ал қылқалам шебері өнер бәсекесінде сүрінбей, өзіне тән соны жол тапқан. Бұған дейін кілемше бетіне жан бітірген шебер, енді тіпті тосын тәсілге көшіпті. Бұл – соққылы нүктелік гравюра. Дәулетбек жаңа кескіндеме өнерін Қазақстанға алғаш әкеліп отыр. Мұндай техникада бейне шыны бетіне балғаның көмегімен түсірілетіндіктен аса ыждағаттылық қажет. Көрмеде осы әдіспен салынған жиырмаға жуық портрет қойылған. Әрқайсысы – үнсіз сөйлеп тұрған тағдыр. Ал кілемше бетіндегі туындылар – суретшінің қолтаңбасын айқындай түседі.

 «Ең бірінші әйнекке сурет салуды Ахмет Байтұрсыновтың бейнесінен бастадым. Суретті жасау технологиясы суретшіміз ғой. Сурет салғаннан кейін адамның пропорциясын бәрін білеміз. Балғамен сындырып отырып, балға жерде біздің қаламымыз болады. Сол балғамен ұрып отырып, сурет саламыз. Европа елдерінде әйнекке сурет салу тренді 3-4 жылда басталды. Қазақстанға зерттеп осы жылы жасадым», – деді суретші Дәулетбек Ділдәбекұлы.

Оқи отырыңыз: Алматыда Ұлттық спорт күні кең ауқымда аталып өтті