Сыр елінде 90 отбасы қоныс тойын тойлады

Жаңа баспана әлеуметтік осал топтағы отбасыларға берілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облысында соңғы жылдары баспана құрылысы қарқынды жүруде. Сырдарияның сол жағалауында 90 пәтерден тұратын екі көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне табысталды. Жаңа баспана әлеуметтік осал топтағы отбасыларға берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

      Баспаналы болғандардың бірі – Анита Өмірзақова. Жалғызбасты ананың тұрғын үй кезегіне тұрғанына 13 жылға жуықтапты. Осыған дейін үш баласымен бірге пәтер жалдап келген.

«Жалдамалы пәтерлерде тұрып келдік, өзіме сенбей тұрмын. Он үш жыл күткен үйім. Екі бөлмелі, сапасы керемет. Әдемі, бәрі ұнады, аппақ. Қуанып жатырмыз!» – деді қала тұрғыны Анита Өмірзақова.

Жаңа қонысқа ие болғандардың қатарында Мадина Байкенова да бар. Мүгедектігі бар баласымен пәтерден пәтерге көшіп жүрген тұрғын бүгін көптен күткен қуанышқа кенеліп отыр.

«Осы күнді көп күттік. Тұрғын үй кезегінде 12 жылдай тұрдық. Қуаныштымын. Ойын алаңдары бар, 3 бөлмелі, іші кең. Рақмет айтамын!» – деді қала тұрғыны Мадина Байкенова.

 Қаланың сол жағалауы жыл сайын дамып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қатары артып жатыр. Тұрғындарға жаңа пәтер кілтін табыстаған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев аталған игі істің жалғасын табатынын айтты.

«Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен берекелі бірлігіміздің арқасында өңірде тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қарқынды жобалар жүзеге асуда. Соңғы төрт жылда облысымызда тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді. Осылайша 30 мыңнан аса жерлесіміз баспаналы болу бақытына ие болды», – деді Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев.

Айта кетейік, алдағы 2 жылда 6 мың 200 отбасыға пәтер табыстау жоспарланған. Бұл үйлерге шамамен 25 мыңдай тұрғын қоныстанады.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Шымкентте ескі балабақша жөнделіп, қайта ашылды