Сыр өңірінде күріш алқабы қысқартылып, орнына жүгері мен соя егілді
Өңірде егінді әртараптандырумен қатар, суды үнемдеу технологиялары да енгізіліп жатыр
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуда өнім өсірумен ғана шектелмей, оны терең өңдеу, сақтау және нарыққа шығару ісіне басымдық беру қажет екенін айтты. Осы орайда Сыр өңіріндегі жүгері мен соя өсіру тәжірибесін үлгі етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Диқандар үшін әр күз – жердің бабын, судың есебін, еңбектің қайтарымын таразылайтын кезең. Биыл Қызылорда облысындағы шаруашылықтың бірі қалыптасқан егін құрылымына өзгеріс енгізді. Күріш алқабының бір бөлігін қысқартып, орнына жүгері мен соя еккен. Жаңа бағыттың алғашқы жемісі жаман емес.¤
«300 гектардай күріш қысқарттым. Соның есебінен 160 гектардай соя, 160 гектар жүгері ектік. Жүгеріні жинап жатырмыз.Қазіргі кезде жартысын жинап болдық. Әрбір гектардан 6-7 тоннадан орташа өнім алып жатырмыз. Келер жылы 2 есе көп егеміз деген ойымыз бар», – деді шаруашылық төрағасы Нұрлан Іздібаев.
Дәнді жүгері дақылына ден қою – егіс көлемін өзгерту емес, шаруашылықтың жұмыс тәсілін жаңарту. Өңірде соя мен жүгері алғаш рет өсіріліп отыр. Алқаптың жайына агрономдардың да көңілі толып отыр. Ендігі міндет – өнімді ысырапсыз жинап, сапасын сақтап, қамбаны толтыру.¤
«Көңілден шығып тұр, жақсы. Бірінші рет осы егіп, көріп жатырмыз. Жүгеріміз де, соямыз да бар. Жақсы өнім аламыз деген ойдамыз», – деді агроном Үсенбек Сәденов.
Өңірде егінді әртараптандырумен қатар, суды үнемдеу технологиялары да енгізіліп жатыр. Биыл күріш алқабы қысқарып, оның орнын суды аз қажет ететін дақылдар алмастырды. Келер жылы облыста бұл бағыттағы дақыл көлемін 28 395 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Игі бастамаға өңірдегі өндірістік жобалар серпін бермек. Өйткені, қазір жүгеріні терең өңдейтін крахмал-сірне зауытының құрылысы жүріп жатыр. Кәсіпорын іске қосылса, жергілікті шаруалардың өніміне тұрақты сұраныс болады.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: «Almaty Hike» сервисі іске қосылды: тауға шықпас бұрын қайда тіркелу керек