Тәтті бизнестің сыры: жетісулық омарташылар ара шаруашылығын қалай дамытып жатыр

21.08.2026 21:58

Былтыр Қазақстан шетелге 1 мың 477 тонна өнім экспорттаған

Елімізде отандық бал өніміне сыртқы нарықтағы сұраныс артып келеді. Былтыр Қазақстан шетелге 1 мың 477 тонна өнім экспорттаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақан Жұматаев – Жетісу өңірінің тумасы. 49 жастағы омарташы ара шаруашылығына жеті жыл бұрын ден қойған. Соңғы екі жылдан бері бал өнімдерін өңдейтін кәсіпорында еңбек етеді. Қазір омартадағы 250 ұяны күтіп-баптайды. Әрқайсысында шамамен 14 мыңнан аса жәндік тіршілік етеді. Ал жиын-терін науқаны қызған шақта бір ұядан 10 күн сайын 30 келіге дейін бал алады. ¤

«Бал адамның ағзасына пайдасы көп тиеді. Иммунит көтереді, қанын тазалайды. Өйткені әртүрлі өсімдіктерден келеді. Менің жүрегім ауыратын, арамен айналысқалы ұмытып кеттім.  Бұрын жатарда міндетті түрде кардиомагнил ішетінмін. Қазір мүлде ішпеймін», – деді

Омарташылардың айтуынша, табиғи тәтті өнімді жинаудың да өз тәртібі бар. Мамырдан қыркүйекке дейінгі аралықта бал толық дайын күйге келеді. Осы кезде мамандар ұядағы омарта өніміне толы жақтауларды алып, бетін жапқан балауыз қабатын аршиды. Кейін оларды арнайы құрылғыға салып, айналдыру арқылы дайын балды ыдысқа жинайды.

«Мен мұнда омарташыларға кәсіптің қыр-сырын үйретемін. Ең бастысы, балды арнайы құрылғыдан асықпай, дұрыс технологиямен шығару қажет. Сонда ғана оның табиғи сапасы сақталады. Жалпы әлемде араның 25 мыңға жуық түрі кездеседі. Соның ішінде елімізде үш түрі ғана өсіріледі», – деді омарташы Геннадий Пахомов

 Жетісу облысында ара шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Өңірде балдан 21 түрлі өнім шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Мұнда табиғи шикізат түрлі емдік шөптермен араластырылып, құнары мол өнім әзірленеді. Жұмысын жаңа бастаған өндіріс орны алдағы уақытта ара шақтыру тәсіліне негізделген апитерапия бағытын да дамытуды көздеп отыр.

«Келешекте әлем «апитерапияға» көңіл бөледі. Бұл бағытты да қарастыруға болады. Өйткені табиғатымыз түрлі өсімдіктер мен шөптер, жеміс-жидектерге бай, олар өте пайдалы», – деді кәсіпкер Сұңғат Райымбек.

Айта кетейік, Қазақстан былтыр шетелге 1 477 тонна бал экспорттаған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 603 тоннадан асқан. Бұл – елімізде ара шаруашылығының қанат жайып, отандық балға сыртқы нарықтағы сұраныстың артып келе жатқанының көрінісі.

Мәди Мәлік. Әлшіер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: 30 мың жәдігер мен көне құбыр: Жанкент қалашығынан қандай құпиялар табылды

Толық көрсету