Арман 20 қаңтарда Алматыға табан тіреп, балаларға арналған шұғыл медициналық көмек орталығына жеткізілген
Таиландқа қыдырып барған 11 жастағы алматылық жеткіншек бір аяғынан айырыла жаздады. Осыдан бір ай бұрын Пхукет аралында бір топ турист мінген катер балықшылардың кемесімен соғысып, 8 отандасымыз зардап шеккен. Үш қазақстандық ауруханаға жеткізіліп, науқастардың жағдайы тұрақталды дегенді естідік. Дегенмен, бортта болған мектеп оқушысы мүшкіл хәлде Алматыға әзер жетіп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Тайландты аралап, Андаман теңізін көрем»" деп шыққан 11 жастағы Арманның арманы орындалмады. Қайық белгіленген межеге жетпей жатып апатқа ұшырап, 55 турист зардап шеккен. Бангкоктағы аурухана жеткіншектің жараларын таңып, бактерия түспеуін қадағалаған. Бірақ шетелде оған ешқандай ота жасалмапты.
«Біз суға батып бара жатқан кезде жүзе алмадық. Бір бейтаныс қыз көмектесіп, кемеге жеткізді. Ауруханаға барған соң, қабырғаларымның сынып, өкпемның тесілгенін білдім. Ал ініме бір-екі екпе салып, жарасын спиртпен тазалап берді. Одан басқа ешқандай ем көрсетілмеді», – деді зардап шеккен баланың әпкесі Аида Қожамбердиева.
Аяғының сау тамтығы қалмаған Арман 18 қаңтарда елге бизнес класспен келуі керек еді. Медициналық құжат пен рейске билет дайын болғанына қарамастан, отандық әуекомпания себебін түсіндірместен оларды сол мемлекетте қалдырған.
«Анам балалармен бірге Қазақстанға ұшып кетті, ал інімді сол жақта қалдырды. Менің Таиландта қалғаным бір жағынан жақсы болды. Өйткені ондағы ауруханаға қарызымыз 4 миллион 800 мың теңге болып кетті. Қазақстан елшілігінің көмегімен оның 1 миллион 700 мыңы төленді», – деді Аида Қожамбердиева.
Әуе компаниясының өкілдері «медициналық анықтамалар туроператорға жіберілгенімен, біздің тарапқа жетпеген» дейді. Сондықтан жолаушының ұшуға рұқсаты жөніндегі ақпарат расталмаған. Компания бұл жағдайды «азаматтың қауіпсіздігі үшін жасадық» деп түсіндірді. Арман 20 қаңтарда Алматыға табан тіреп, балаларға арналған шұғыл медициналық көмек орталығына жеткізілген. Дәрігерлер екі бірдей ота жасап, жеткіншектің сан терісін балтырына жалғауға мәжбүр болыпты. Мамандардың айтуынша, егер тағы кешіксе, науқас бір аяғынан айырылып қалуы да мүмкін еді.
«Қан тамырлары, нерв жүйесіндегі нервтері байланып кеткен, бұлшықеттерінің бәрі сыртында. Сүйегі сыртына қарай шығып тұр. Бірден хирургиялық ота жасалды. Бірінші хирургиялық ота аутодерма пластикамен бүкіл аяғының жараларының бәрін бір этаппен жабылу жасалды. Қазіргі жағдайы да баланың жағдайы жақсы. Өміріне қауіп жоқ», – деді Шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Мейіржан Құрманәлиев.
Жеткіншек 20 қаңтардан 2 ақпанға дейін стационарда емделген. Оның жай-күйі дәрігерлердің қатаң бақылауында болып, кезең-кезеңімен оңалту шаралары көрсетілді. Баланың беті бері қараған соң үйіне шығарылған.
Айдана Шалқар, Аида Иманәлі, Хангелді Ахметхан
Оқи отырыңыз: Шымкентте бір отбасында үш адам табиғи газдан уланып, көз жұмды