Балалар алаңына қатысты мәселе әкімдік пен мердігер арасындағы дауға ұласқан
Қостанайда тұрғындар бірнеше жыл күткен балалар алаңы енді қайта бұзылуы мүмкін. Мамандар мұндағы әткеншек пен сырғанақтардың талапқа сай келмейтінін анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Онкологиялық аурухана маңындағы көпқабатты үйлердің ортасына салынған ойын алаңы аз уақыттың ішінде балалардың сүйікті орнына айналған. Нысан «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бой көтеріпті. Алайда бірнеше жыл күткен алаңның енді қайта бұзылуы мүмкін деген хабар тұрғындарды алаңдатып отыр.
«Балалар қайда ойнайды? Бұл алаңның орны батпақ еді. Баланы далаға алып шықсақ та, қайда ойнатарымызды білмейтінбіз. Сондықтан осы алаңның сақталғанын қалаймы», – деді қала тұрғыны Надежда Бирюкова.
«Бастапқыда алаң қабылданды, ешқандай мәселе болған жоқ. Кейін «бір ақаулар анықталды, әткеншектер талапқа сай емес» дейді. Балаларымызға бұл жер ұнайды. Біз осы алаңды ұзақ күттік қой», – деді қала тұрғыны Зоя Карпова.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, былтыр мердігер ұйымға Қостанайдағы 15 ауланы абаттандыру тапсырылған. Алайда жұмыс мерзімінде аяқталмай, компания сот шешімімен жосықсыз деп танылыпты. Артынша орнатылған ойын жабдықтарының талапқа сәйкестігіне қатысты да мәселе туындаған.
«Бұл жабдықтардың тиісті сертификаты жоқ. Олар зауытта шығарылмаған. Сол себепті құрылғыларды қабылдай алмаймыз. Сонымен қатар, олар компанияның жеке меншігі болғандықтан, өз бетімізше шешіп алуға да құқығымыз жоқ», – деді ТҮКШ бөлімінің бас маманы Галина Новокшонова.
Осылайша балалар алаңына қатысты мәселе әкімдік пен мердігер арасындағы дауға ұласқан. Қазір іс сотта қаралып жатыр. Ал компания өкілі атқарылған жұмыстың ақысы толық төленбегенін алға тартып отыр.
«Егер ойын алаңы талапқа сай келмесе, қалған жұмыстардың ақысы неге төленбейді? Бізге тиесілі 123 миллион теңгенің 51 миллионы ғана берілді. Іргетас, қоршау, орындықтар қабылданғанымен, олардың ақшасы төленген жоқ. Енді құрылғыларды қайта шешіп, жөндесін деп отыр», – деді мердігер ұйымның өкілі Василий Ярошенко.
Мердігер компания бұл әткеншектерді Қостанайда өздері жасап шығаратынын, сондықтан тиісті сертификаты жоқ екенін айтады. Сондай-ақ дәл осындай ойын жабдықтарын қаладағы өзге аулаларға да бұрын орнатқанын, ол кезде ешқандай ескерту болмағанын алға тартып отыр. Ал тұрғындарды толғандырған басты мәселе сот шешімінен кейін белгілі болмақ.
Мәди Мәлік. Елисея Томашевская
Оқи отырыңыз: Жылу, жарық және сапалы су: Алматыда тұрғындарды толғандырған мәселелер қалай шешіліп жатыр