Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды
Талдықорғандық тәрбиешінің әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Желіге жүктелген бейнежазбада оның сурет салып отырған баланы басынан ұрғаны байқалады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға Талдықорған қаласындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде болған. «Өркен» тобындағы балалардың бірінің анасы ұлы бақшаға келгісі келмейтінін айтып, мекемедегі бейнебақылауды қараған. Содан тәрбиешінің 3 жастағы өзге бүлдіршінге қол көтергенін байқап, полиция шақырған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал тәрбиеші Еңбек кодексіне сәйкес жұмыстан қуылған.
Айта кетейік, оқиғаға қалалық білім бөліміндегілер «байқаусызда болған жағдай» деп баға берді.
"Тәрбиеші баланы ұрамын деп оқталмаған. Баланың қаламды дұрыс ұстамай, ойнап отырған кезде қаламын аламын деп байқаусызда тәрбиешінің қолы маңдайына тиіп кеткен", – деді қалалық білім бөлімінің әдіскері Дина Нәлтаева.
Оқи отырыңыз: Жер дауы: Алматы облысының тұрғындары барлау жұмыстарына наразы