Талғар ауданындағы ауыл тұрғындары жарықсыз қалуы мүмкін - тергеу басталды

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Сақтан ауылы жарықсыз қалуы мүмкін. Себебі халық өзара сайлап, қаржысын сеніп тапсырған делдал – елден ақша жинап, ақыры жұртты сан соқтырған көрінеді. Енді ауыл тұрғындары миллиондап қарызға белшеден батып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сақтан ауылының халқы электр энергиясына ортақ есеп-шот ашып, бір адам арқылы төлем жасап келген. Ал биыл жұрттың 1 жарым миллионға жуық қарызы бары анықталған. Жергіліктілердің сөзінше, елдің аманатын арқалаған делдал қарашаның қаражатын қолды қылған. Сайланғанына бір жыл болған адам көпшілік аударған ақшадан ай сайын белігілі бір мөлшерде ұстап қалып отырған көрінеді. Ауылдағы ағайын берешектің өсіп жатқанын 4 ай бұрын естіп, өздері есеп жүргізген. Есепшоттар мен түбіртектерді жинап, қарызға белшеден батқанын білген.

 «Былтырдан бері ПИК «Сақтан» деп ЖШС ашып, электр энергиясының  ақшасын жинап, АЖК-ға өткізем деп уәде берген болатын. Әр үйде есептегіш құрал бар,  сол бойынша есептеп, қызға төлейді. Түбіртек сұрасақ, 4 айдан бері көрсетпейді», – деді Сақтан ауылының тұрғыны Айгерім Нұрданова.

«Бірінші рет қарашада «Энергосбыттан»  қыз хабарласып, 800 мың теңге қарыз барын айтты. Жанаргүл тәтенің өзіне барып сөйлестік, не қарыз екенін білуге тырыстық. Ол кісі қарыз жоқ екенін айтты», – деді Сақтан ауылының тұрғыны Нафисат Молдабаева.

Мән-жайдың анық-қанығына жету үшін әлгі делдалдың өзімен байланысқа шығып көрдік. Жауапты кісі қарыздың қайдан шыққанын өзі де білмей отыр. Сөзінше, өзіне түскен ақшаның бәрі компанияға уақытылы аударылған. Бірақ халық төлемді кешіктіріп өтейтін дегенге келтірді. Ал ауылдық округ әкімі бұл мәселеге араласа алмайтынын айтты. Алайда халықтың жарықсыз қалмауы үшін қолдан келер істің бәрін жасайтынын жеткізді.

«Жеке шот ашу үшін электр желісін жаңартамыз. Халық қарызды толық өтегеннен кейін АЖК-ға өткіземіз. Электр желісін жаңартып қойдық. Қарыз шығып тұр», – деді Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Есенбаев.

Ал жарыққа жауапты компания тұрғындарға қарызын өтеу үшін осы айдың соңына дейін уақыт берді.

 «Электр энергиясы бойынша тұтынушылардың қарызына қатысты күрделі жағдай қалыптасқанын хабарлаймыз. «АЖК» АҚ-ның тұтынушылары шартта көрсетілген мерзімде ай сайынға төлемді қамтамасыз етуге міндетті. Шарт талаптарына сәйкес төлем жүргізілмеген жағдайда, тұтынушы хабарлама алғаннан кейін қосымша ескертусіз электр энергиясынан ажыратылады», – деді   «Алатау жарық компаниясы» АҚ жабдықтау жөніндегі директоры Диана Нұрбақова

Халық құзырлды орган табалдырығын тоздырып, ақыры мәселені шешу үшін прокуратураға жүгінген. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алайда жұмыстың толық басталуы үшін экономикалық тексеріс тағайындалып, халық өз қалтасынан аудит қызметін жалдауы керек.

«Аталған факт аудандық Полиция басқармасында тіркелді. Қазіргі уақытта жан-жақты әрі мұқият тексеру жүргізілуде. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесі бойынша заңнама талаптарына сәйкес түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова

Жиналған ақшаның қайда кеткені белгісіз, тек халықтың ортақ шотына миллиондаған қарыз ілініп отыр. Ал әкімдік электр жеткізуші компаниямен келісіп, жарықты өшіру уақытын шегереміз деп сендірді. Жергілікті жұртқа тергеу амалдарының нәтижесін күтуден басқа амал жоқ.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Бала қауіпсіздігі: Сәтбаев қаласында бүлдіршіндер ойнайтын алаң тапшы

Новости партнеров