Талғардағы қанды оқиға: лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Құзырлылардың әрекетсіздігінен шаңырағы шайқалған отбасы мүшелерімен психологтар жұмыс жасап жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Өз өміріміз үшін қорқып отырмыз». Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Қызылқайрат ауылында болған қанды оқиғадан кейін қара жамылған отбасы осылай дейді. Себебі адам өлтіріп, кішкентай қызды ұрлап кеткен күдікті бұған дейін де жәбірленушілерді бірнеше рет қорқытып, күш көрсеткен. Құзырлылардың әрекетсіздігінен шаңырағы шайқалған отбасы мүшелерімен психологтар жұмыс жасап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір іс бірнеше бап бойынша тергеліп, лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Дүйім жұртты дүрліктірген жантүршігерлік оқиға Талғар ауданының Қызылқайрат ауылында болған. Аружан Тұрғынбек есімді келіншек бір ай бойы танысынан зорлық көріп келген.

Отбасының қорғаушысының айтуынша, мектеп кезден танитын, кейіннен жақынырақ араласа бастаған күдікті алғашында қыздың сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен оның атына көлік тіркеп-сатумен айналысқан. Ал бұған қарсылық танытқанында, азғын оған зорлық көрсетіп, интимдік фото-видеоларға түсіріп алған. Содан бері ол қызды бопсалап, заңсыз әрекеттерге көндірмек болған.

«Қатынасқа итермелейді, зорлайды. Видео-фотоға түсіріп таратам деп қорқытады. Бір ай бойы қызды, басқа телефон алып берген де, аудиозвонокпен звондайды. Бір минут өшіруге мұрша бермейді. Жұмыста, үйде болса да қосылып тұруы керек. Полицияға хабар бермесін деп солай ұстап келген.  Естіген күні арыз жаздық, полицияға, бастықтарға кірдік. Олар «147-бап бойынша дәлелдеме жоқ» деді. Заңгер болғандықтан бүкіл шешімді апарып бердім», – деді заңгер Гауһар Сарыева.

Отбасының заңгері Гауһар Сарыева жаға ұстатарлық жайтты білген бете арыз жазып, көмек сұрайды. Ақырында, жәбірленуші тарап күдіктіні полицияға өздері ұстап берген. Алайда Талғар аудандық полициясы жігітті бірнеше сағаттан соң босатып жіберген.

 «Біз көшеде ұстадық. Полиция қызметкерлерін шақырдық. Олар келіп, алып кетті. Бірге бардық. «Түнде қайтарып жіберді» дегеннен кейін, Аружан дәрі ішіп, өз-өзіне қол салмақ болды», – деді заңгер Гауһар Сарыева.

Тергеу изоляторынан босап шыққан күдікті 3 күннен кейін қыздың үйіне мылтық алып барған. Көшеде кездейсоқ кездестірген Аружанның туған ағасын ойланбастан жүрек тұсынан атып өлтірген. Марқұмның артында үш баласы мен аяғы ауыр жары қалды. Ол мұнымен тоқтамай, марқұмның үйіне баса көктеп кірген. Туыстарының айтуынша, ол жәбір көрген Аружанды іздеп, өлтірмек болған.

Жазықсыз ер кісінің өмірін қиған күдікті бұған дейін де жәбірленуші тараптың отбасын қорқытып, қоқан-лоқы көрсеткен көрінеді. Дәл осы көшеде түстің кезінде екі адамды жанына ертіп, оқ атып, 30 жастағы Ернар оқиға орнында көз жұмады. Ол мұнымен шектелмей, марқұмның отбасына барып, туғандарын қорқытып, 3 жастағы қызды ұрлап кетеді.

«Үш күн бұрын сағат 11:00-де үйде балалармен жалғыз отырғам. Ол кісі келіп мені ұрып «Аружанды тауып бер» деді. Жолдасым екеуіміз базарға баруға дайындалып жатқанбыз. Ол маған сен киіміңді ауыстыра бер, мен дүкеннен су алам деді. Олардың қолдарында екі-екі пышақтан болды. Біреуі мені ұстап, мойныма пышақ тақады. «102 звондайтын болсаң, атып өлтіре салам. Сенің балаңды атып, өлтіріп кетем» деді. Сенбедік. Бірақ шықсам жолдасым қансырап жатыр», – деді марқұмның жұбайы Балзия Әбілаева.

Жәбірленуші тараптың сөзінше, күдікті сол күні бүлдіршінмен бірге суицид жасамақ болып, көлігімен жардан құлаған. Алайда күдікті де, 3 жастағы қыз да аман қалды. Қазір бүлдіршін дәрігерлердің қарауында, анасы екеуімен психологтар жұмыс істеп жатыр. Бірнеше қылмыстық әрекетке барған бас күдікті мен оның 2 сыбайласы ұсталды. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне қатысты бөлек іс қозғалды. Алайда полиция мен прокуратура БАҚ өкілдеріне әлі күнге дейін ресми түсіндірме не бейнемәлімдеме жолдаған жоқ.

Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметхан, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Талғардағы қанды оқиға: кішкентай қызға ота жасалып, тілі сегіз тұсынан тігілді

Новости партнеров