Таразда 30-дан аса үйдің ауласын су басып қалды

Полиция департаменті шлюзді заңсыз ашқан күдіктіні іздестіріп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда екі кештің арасында 30-дан аса үйдің ауласын су басты. Ағын су  бірнеше көшеге жайылып, тұрғындар мен төтенше жағдай мамандарын тік тұрғызған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеше кешкі асын ішіп, ұйқыға жатар тұста Тараздық тұрғындарды төтеден келген қара су шошытты. Жайбарақат жатқан жұрттың ауласына кірген су жарты метрге дейін көтерілген. Үй ішіне енбегенімен, жертөле мен бақшаны шайып кетіпті. 

«Қорқыныш болды, су қайдан келді? 25 жыл тұрып бұндайды көрген жоқпыз», – деді қала тұрғыны Тұрғынбек Нұрмамбетов.

 «Ұйықтап жатқанда көршім хабарласты. Сыртқа шықсам, есік алдында 40 см су көтеріліп көшеге төгіліп жатыр екен. Жертөледе су басып қалды», – деді қала тұрғыны Мұрат Дидарбеков.

Екі кештің арасында құтқарушылар суға толған 30 үйдің ауласы мен екі отбасының жертөлесін тазартты. Ал жергілікті билік апат Зербұлақ көлінен келді деп мәлімдеді. Кейіннен анықталғандай, әлдебіреу қасақана қалаға апарар каналдың шлюзын ашып жіберген.

«Он екі адам 25 техника жұмылдырылып жедел топ жұмыс атқарды. Қазіргі таңда барлық қауіп сейілді. Барлық үйдегі суларды тазарттық», – деді қала әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.

Қазіргі таңда Тараз қаласы әкімінің шешімімен арнайы комиссия құрылды. Олар бүлінген дүниені түгендеп, шығын көлемін анықтаумен айналысады. Ал Полиция департаменті шлюзді заңсыз ашқан күдіктіні іздестіріп жатыр.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Не ақша, не көлік жоқ: темір тұлпарды 3 жылға жалға алған азаматтар шағым айтты

Новости партнеров