Таразда еріген қар суы көшелерді басып қалды

18.02.2026 19:44

Коммуналдық қызмет мамандары қала бойынша 600 мың текше метр су шығарған

Таразда кешелі бері ауарайы жылынып, 2 күн бойы жауған қардың еруінен қала көшелерін су басып қалды. Жұрт әрі-бері қатынаудан қалып, тіпті балаларын сабаққа жібере алмайтын жағдайға жеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бұл  қар суының ортасында қалған Шалғай Қарасу шағынауданы тұрғындарының шағымы. Қарғын су аумақтағы жолдарға жайылып, үй маңына толған. Ауладағы кәріз суы үшін қазылған септик пен әжетханалар да тасып жатыр. Жұрттың күрек алып, лас суды басқа арнаға бұрудан басқа амалы жоқ. Осында 20 жыл бұрын қоныстанған Ғалима Әбдіпайызованың да есігінің алдын толық су алған.

«Бізге ыңғайсыз болып отыр. Балалар сабаққа бара алмай қалды. Кәріз құдығы толып кетті. Орталықтанжырылған суға қосылмадық, қазып алған құдық суының дәмі өзгеріп кетті», деді қала тұрғыны Ғалима Әбдіпайызова

 Ауданға жұрттының айтуынша, 20 жылдан бері жағдай өзгермеген. Себебі жер асты суы 2 метрден шығады. Сондықтан сәл жауын жауып, қар ерісе көшенің бәрі көлге айналып кетеді. Ал әкімдік «екі күннен бері жайылған суды жою үшін 20 техника жұмылдырдық «дейді. Алайда келген ауыр техника лайға батып, су шығарған дренажды каналдың өзі толып қалған. Сондықтан жылда қайталанатын мәселені түбімен шешу мүмкін еместігін айтты.

«Соңғы 3 жылдың ішінде электр көше жарығы жүргізілді, газ тартылды. Су жүргізілді. Мынау көшелердің барлығына қиыршық тас төселді. Алдағы келесі жылдарға қазір жоспар жасалып жатыр. 2026-27 жылдары көшелерді асфальттау жобасын жасап жатырмыз. Одан кейін асфальт төселгеннен кейін абаттандыру жұмыстары барысында арық жүйелерін жасаймыз», деді  қалалық Жібек жолы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Олжабаев

Шалғай Қарасу шағынауданынан 2 күнде 3 мың текше метр су шығарылған. Мұндай жағдай қаланың Арай, Бектөбе, Тайвань шағынаудандарында да болып жатыр. Жалпы коммуналдық қызмет мамандары қала бойынша 600 мың текше метр су шығарған. 300 метрге жуық қорғаныс бөгеті жасалып, 700 қап құм төселген.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Қызылорда қаласының іргесіндегі саяжайлардың біріне көгілдір отын берілді