Сарапшылардың болжамы бойынша тасқын кезінде шамамен 14 миллиард текше метрге жуық су жиналуы мүмкін
Үкімет тасқын суды қабылдайтын орындарды дайындап жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Олар солтүстік, орталық, батыс және шығыс өңірлерде орналасқан қоймаларда екен. Ал оңтүстіктегі резервуарларға дәл қазір артық сулар құйылып жатыр. Сарапшылардың болжамы бойынша тасқын кезінде шамамен 14 миллиард текше метрге жуық су жиналуы мүмкін.
«Өзен арналарының су көлемі артатын кезеңге дайындалуы үшін 2025-2027 жылдарға арналған елдімекендерге жақын орналасқан өзен учаскелерін қалпына келтіру жөніндегі Жол картасы әзірленді. Бүгінге дейін өзен арналарының 166,98 шақырымы тазартылып, тереңдетілді. Биыл 6 облыста жалпы ұзындығы 192,55 шақырымды құрайтын учаскелерде санация жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі қоғаммен байланыс басқармасының сарапшысы Аңсаған Ермек.
Үкімет шекаралас мемлекеттермен тасқынға қарсы бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, сел болған жағдайда Ресеймен өзара іс-қимыл жасау үшін 2025 жылы арнайы жұмыс тобы құрылған. Комиссия Жайық өзені бассейніндегі су көлеміне қатысты нақты болжамды наурыз айының басында ұсынады. Сондай-ақ Қытаймен бірге трансшекаралық судың сапасын бақылап, жедел ақпарат алмасатын жүйе жұмыс істейді. Бұл механизм гидрологиялық бекеттер бойынша оқу-жаттығулар өткізіп, байланыс арналарының жұмысын тексереді.
«Шекаралас мемлекеттермен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Ресей тарапының алдын ала деректеріне сәйкес, тасқын кезеңінде Ирикла су қоймасынан секундына 200 текше метрден аспайтын көлемде су жіберу жоспарланып отыр. Қытай Халық Республикасымен бірлесіп трансшекаралық судың сапасын бақылау және жедел ақпарат алмасу жүйесі жұмыс істейді», -деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі қоғаммен байланыс басқармасының сарапшысы Аңсаған Ермек.
Оқи отырыңыз: Отбасын қолдау: Алматыдағы орталықта 2 мыңнан аса отбасына әлеуметтік қызмет көрсетіліп жатыр