Бес қабатты баспана 4 жыл бұрын 800 млн теңгеге жуық қаржыға салынған
Таразда жылыту маусымы бір ай бұрын басталса да, көпқабатты үй тұрғындары жылусыз отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таразда жылда көп қабатты үйлерді жылыту мәселесі жырға айналады. «Ұлы дала» шағынауданындағы №48, 35/3, 127 мен 1000-шы үй тұрғындары жылу жүйесі жиі істен шығатынына наразы. Ал №1029 үйде үш күннен бері жылу жоқ. Себебі желідегі су айдайтын сорғы істен шыққан. Қалтыраған қараша әкімдіктен хабар болмаған соң, ақша жиып өздері жөндеуге тырысқан. Бірақ мәселені шеше алмапты.
«Ақша менің қалтамда да шашылып жатқан жоқ. Екі апта бұрын тағы да 20 мыңнан 1-қабаттан бастап, 5-қабатқа дейін жинап қолына ұстаттық. Бірақ нәтиже болған жоқ. ЖЭО «бізде мәселе емес, сендерге жертөлеге дейін жылу келіп тұр» дейді. Мен неге басқа адамдар сияқты жылы үйде отырмаймын?» – деді қала тұрғыны София Нығматулаева.
Бес қабатты баспана 4 жыл бұрын 800 млн теңгеге жуық қаржыға салынған. Сөйтіп пәтер кезегінде тұрған тұрғындарға несие арқылы берілген. Қала әкімдігінің айтуынша, үйдің сапасы жақсы, тек жылуға жауапты сорғылардың қуаты аз болғандықтан күйіп кетті.
«1 100 Вт сорғылар тұрған, оның күш қуаттылығы жетіспеуіне байланысты 1 800-дік сорғы қойылады. Сорғы қазір іздестірілуде, табылмаса Алматыдан алдырылады. «АгроСпецСтройдың» 1 жылдық кепілдігі қалғандықтан, мекеме қаражатын пайдаланамыз. Келесі жылы тұрғындар ПИК-пен бірлесе жұмыс атқарып, апаттық жағдайды мойнына алуы керек», – деді Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төреханов.
Әкімдік әзірге жабдықтардың жаңасын орнатуды мердігерге міндеттеген. Солайша бір апта ішінде мәселені шешпек. Аудан әкімі шағынаудандағы өзге 126 үйде жылу мәселесі жолға қойылғанын айтты. Ал мәселенің бар жоғын алдағы қыс айқындап бермек.
Нұрғиса Қаржаубай Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Атырауда үш жастағы бала бесінші қабаттан құлап, мерт болды