Түйе жарысы: Түркістан облысында алматылық қос арудың желмаясы мәреге өзгелерден бұрын жетті

Ерекше бәйгеге желмаясын баптап мінген 40-қа жуық түйеші қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысының Созақ ауданында соңғы жылдары қайта жанданған ұлттық спорт түрі — түйе жарысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ерекше бәйгеге желмаясын баптап мінген 40-қа жуық түйеші қатысты. Ер азаматтармен қатар, сайысқа бұрымды бойжеткендер де бақ сынап, ерекше көрініс сыйлады.

Қаратаудың теріскейінде өткен жарысқа елдің түкпір-түкпірінен түйешілер келді. Солардың бірі – Түркістан қаласынан арнайы ат артып келген Нұрлан Баймұратов. Ол бұл аламанға дайындықты үш ай бұрын бастапты.

«Ата бабамыздың дәстүрі ұмытылып бара жатыр. Созақтың азаматтары бастама көтеріпті, біз де қолдадық. Түйе баптау — ат баптаудан да қиын. Жарысқа дейін суытып, мұрнын тесіп, бас білдіреміз. 6 түйе әкеліп отырмыз. Жұлдеге үмітіміз бар», – деді түйеші Нұрлан Баймұратов.

Үш шақырымдық жарыс жолына Алматы мен Жамбыл облыстарынан да түйешілер келген. Көрерменнің делебесін қоздырған сәттер аз болған жоқ. Дегенмен жарыста ер азаматтардың дені шаң қауып қалды. Алматыдан келген қос арудың желмаясы мәреге өзгелерден бұрын жетті.

«Дайындығымыз жақсы болды.  Алматыда дайындалып жүрдік.  1-2 апта Созақта болдым. Түйемізге сендік. Топ жарға орталығының екі түйесін алып келіп, ең алғаш рет жеңімпаз атандым. Мен өте қуаныштымын!» – деді жарыс жеңімпазы Аружан Амангелді.

Жарыс қорытындысы бойынша ең жүйрік түйе иесі кубокпен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ұйымдастырушылар бұл шараны алдағы уақытта ауқымды фестиваль деңгейінде өткізуді жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз: Таразда көпқабатты үй тұрғындары жылусыз отыр

Новости партнеров