Тараздағы өрттен зардап шеккен отбасыларға өтемақы төленеді

17.09.2026 18:10

Үйдің шатыры мен төбе жабындылары қалалық бюджет есебінен қалпына келтіріледі

Тараздағы өтке оранған 10 үйдің иесіне көмек берілетін болды. Баспаналары күл болған әрбір отбасыға әкімдік 1,3 млн теңгеге жуық өтемақы төлемек. Бұл күнделікті шығын мен тұрмыстық қажеттілікке бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Үйдің шатыры мен төбе жабындылары қалалық бюджет есебінен қалпына келтіріледі. Жөндеу жұмысы басталып кетті. Ал төтенше жағдайлар департаменті болса, әзірге өрт себебін нақты анықтау мүмкін емес екенін айтты. Өйткені тілсіз жаудың басталған нүктесін табу қиынға соғып тұр.

Еске салайық, Тараздағы өрт 1 апта бұрын болған. Дер кезінде эвакуация жүргізіліп, ешбір жан жапа шекпеді. 250 шаршы метрге жайылған қызыл жалын, 2 сағатта сөндірілді.

«Зерделеу нәтижесі бойынша жабындының техникалық жағдайы өте төмен. Өрттен кейін құлау қаупі бар. Сондықтан жабындымен бірге шатырды да жөндеу туралы шешім қабылданды. Сіздерді бұл жағдайда жалғыз қалдырмайды, мемлекет тарапынан заңға сай көмек көрсетіледі», – деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Оқи отырыңыз: Ешқандай көмек жоқ: Таразда өрттен зардап шеккен тұрғындар шатырды паналап жүр

Толық көрсету