Әскери техникаларды жөндеу қалпына келтіру базасында сарбаздардың 7 түрлі мамандықты игеріп шығуға мүмкіндігі бар
Тараздағы әскери бөлімде сарбаздар жұмысшы мамандығын игеріп жатыр. Биыл «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты, әскери техникаларды жөндеу қалпына келтіру базасында 50 сарбаз кәсіп иесі атанды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әскери техникаларды жөндеу қалпына келтіру базасында сарбаздардың 7 түрлі мамандықты игеріп шығуға мүмкіндігі бар. Әскери бөлім армия қатарындағы барлық бұзылған техника мен қару жарақты тез арада қалпына келтіріп отырады. Сол аралықта сарбаздарды жұмысшы мамандығына баулиды. Мәселен Елдос Садық Отан алдындағы борышын 6 ай өтеп болған соң, бірден ауыр бронды техникаларды жөндеу цехына жұмысқа қабылданған.
«Қолымнан іс келгеннен кейін, мамандығыма сай әскерде жұмысқа қалдым. Әскери техникаларды бұзылып сынып келеді, соларды жөндеп қалпына келтіріп, уақытылы жіберіп отырамыз. Жұмыс қызмет атқарып жүрген сарбаздарға 6 айдан кейін кіруге өте тиімді деп ойлаймын. Себебі айлығың да жүреді. шенің де өседі», – деді слесарь Елдос Садық.
Әскери базада кадр даярлау бойынша арнайы бағдарлама бар. Сарбаздар бағдарлама аясында техникалық қызмет көрсету, дәнекерлеуші, жүргізуші, электр және токарь мамандықтарын меңгере алады. Слесарь мен техникалық қызмет көрсету және қару жарақ пен зымыран кешендерін жөндеу маманы да бола алады. Арнайы оқу бағдарламасын ұзақ жыл қызмет атқарған білікті мамандар жүргізеді.
«Өзіме танктың ішкі құрылысы көруге, жөндеуге, үйренуге қызықтым. Цехқа жұмысқа тұрдым. Егер 6 айдан кейін маған ұсыныс түссе, міндетті түрде қаламын», – деді сарбаз Данияр Бекежан.
«Жауынгерлік дайындық бойынша мамандығын игерген сарбаздарды алып қалуға тырысып, ұсыныс жасаймыз. Былтыр сарбаздардың ішінен 9 сарбаз келісімшарт бойынша әскери қызметші болып қалды», – деді әскери бөлімінің батальон командирі Шыңғыс Советбек.
Бөлім басшылығы әлі де 42 бос лауазым бар екенін айтып отыр. Сондықтан әскер қатарында қызмет еткісі келетін сарбаздар үшін мүмкіндік мол.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Павлодар облысында мектеп оқушыларына вейп сатқан топ ұсталды