Жасанды жады қалдықтың қай жерде жатқанын, оның салмағын анықтап, аймақты жинауға қанша қызметкер қажет екенін есептеп береді
Алматыда заңсыз қоқыс төгілетін аймақтар азаймақ. Бұған жас ғалымдар ойлап тапқан Taza qala цифрлық платформасының көмегімен қол жеткізілмек. Жаңа бастама қалалық әкімдік пен табиғатты қорғау прокуратурасының бақылауында, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұрлыхан Қалжанов – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің екінші курс магистранты. Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде білім алады. Ол табиғатқа шапағатын тигізіп отырған цифрлық қосымша негізін небәрі жарты жыл ішінде құрап, іске қосқан. Қала тұрғындары иісі мүңкіп, көшеде көзге күйік боп жатқан қоқыстарды суретке түсіріп, платформаға енгізеді. Жасанды жады қалдықтың қай жерде жатқанын, оның салмағын анықтап, аймақты жинауға қанша қызметкер қажет екенін есептеп береді. Өтініш тиісті тазалыққа жауапты компанияға жіберіледі. Жоба авторының айтуынша, қосымша жаңадан іске қосылса да, күніне бірнеше адамнан ұсыныс түседі.
«Көріп тұрғаныңыздай, Ақсай-5 ықшамауданында 24-үйдің қасына сағат 7:00-де қоқыс қалдықтары қалдырған. Ақпарат жүйеге түсті. Ол қаланы тазалайтын жауапты компанияға жіберілді. Олардың аккаунтына шығып және картаға мекенжай бірден көрінеді», – деді «Taza qala» қосымшасының авторы Нұрлыхан Қалжанов.
Қоқыс жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін компания атқарылған шаруа жөніндегі есепті платформаға енгізеді. Одан соң қалалық табиғатты қорғау прокуратурасы мен әкімдік өкілдері тазаланған аймаққа мониторинг жүргізеді. Егер жұмыс дұрыс орындалса, сол мекенжайдағы қызыл белгі жасыл түске боялады.
«Қай ауданда қызыл нүкте көп болса, сол жерге барып, қоқысы тазаланғаннан кейін қызыл нүкте жасыл түске айналады. Осылайша біз жұмысты көре аламыз. Ол жұмысты халық та көре алады. Олар платформаға QR код арқылы кіре алады»,– деді Мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Арман Нүгірбеков.
Қазір бағдарламаға сілтейтін QR батырма оқу орны аймағы мен қоқыс тасымалдайтын көліктерге жабыстырылған. Тұрғындар арасында жалған фото жүктейтіндер де бар. Мұндай жағдайда ақпараттың рас-өтірігін жасанды интеллект анықтап беретін көрінеді.
«Болашақта прокуратура тарапынан рұқсат берген кезде, QR кодты университетіміздің 30 мың студентіне таратып берсек, біршама база жиналады деп күтіп отырмыз», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ IT және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұлов.
Заңсыз тасталған қоқыстарды анықтауға көмектесетін Taza qala платформасын алдағы уақытта еліміздің барлық өңіріне енгізу жоспарланып отыр.
Айдана Шалқар, Ғани Қалуов