Тарифтердің өсуі жалғаса береді – Олжас Бектенов

15.07.2025 15:20

Бұл - халықты толғандыратын өте өзекті мәселелердің бірі еді

 ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында тұрғын үй-шаруашылық саласындағы тарифтерді өсіру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Бұл - халықты толғандыратын өте өзекті мәселе. Тарифтердің өсуі еш тоқтатылған жоқ. Осы мүмкіндікті пайдаланып айтқым келеді: алдағы уақытта да тарифтер өсе береді. Бұл – ауыр әрі жағымсыз тақырып, бірақ Үкімет бұл туралы ашық айтып отыр және тарифтерді нарықтық деңгейге жеткізу саясатын жүргізіп жатыр", − деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, тарифтер ұзақ уақыт бойы қатты реттеліп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа инвестиция салуға мүмкіндік бермеген жағдай 2022-2023 жылдары Екібастұзда, Риддерде болған апаттарға әкеп соқты.

"Егер қыста үйіміз жылы болып, жарық, су және өзге де инженерлік желілер дұрыс жұмыс істегенін қаласақ, онда тарифтерді көтеру жолымен жүруіміз керек. «Тарифтер өсуі уақытша тоқтатылды» деген сөз – тек инфляцияға түсетін қысымды азайту үшін олардың өсу қарқынын қайта қарастырдық дегенді білдіреді. Жалпы алғанда, бұл саясат жалғаса береді", − деді О. Бектенов.

Оқи отырыңыз: Бектенов: Цифрлық теңге бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсауға жол бермейді