Наурыз көже – береке мен бірліктің дәмі
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Бұл – қазақ халқының көне дәстүрінен тамыр тартқан, терең мағынаға ие қасиетті ас. Көктеммен бірге жаңаратын тіршілік сияқты, Наурыз көже де молшылықтың, тоқшылықтың және берекенің белгісі саналады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ертеден келе жатқан дәстүр бойынша, бұл күні әр шаңырақта қазан көтеріліп, наурыз көже дайындалады. Халық арасында оны «тілеу көже» немесе «көп көже» деп атауы да бекер емес. Себебі бұл тағам – тек ас қана емес, ақ тілек пен ізгі ниеттің көрінісі.
Наурыз көженің басты ерекшелігі – оның құрамында жеті түрлі дәмнің болуы. Әдетте оған су, ет, тұз, май, сондай-ақ бидай, тары, жүгері секілді дәнді дақылдар қосылады. Жеті саны қазақ дүниетанымында қасиетті саналғандықтан, бұл тағам да өмірдің жеті ырысын – денсаулық, байлық, береке, ақыл, бақыт, өсім және ұзақ ғұмырды бейнелейді.
Халық арасында «Жаңа жылда қазан толы болса, жыл бойы ырыс мол болады» деген сенім бар. Сондықтан наурыз көжені молынан дайындап, келген қонаққа сарқыт қылып ұсыну – ежелден қалыптасқан дәстүр. Тіпті «ырысың ортаймасын» деген ниетпен көжені толтырып құю да – қазақы кеңпейілділіктің белгісі.
Наурыз күні тек дәм татып қана қоймай, ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне барып, көрісіп, ақжарма тілектерін арнайды. Осындай басқосулар ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық құндылықтардың сақталуына ықпал етеді.
Бүгінде наурыз көже – жай ғана тағам емес, ол халықтың тарихы мен мәдениетін, дүниетанымы мен салт-дәстүрін бойына сіңірген рухани құндылыққа айналды. Оның әр қасығы – өткен мен бүгінді жалғап тұрған, бірлік пен татулықты дәріптейтін ерекше мәнге ие.
Оқи отырыңыз: «Ханталапай» сайысына 350 мыңнан астам бала қатысты