Аудандық полиция бөлімі тексеру жұмыстарын жүргізіп, кінәлілерді іздестіріп жатыр
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы көне тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі – Қапам ата жерасты мешітіне белгісіз адамдар пластик есік пен терезе орнатып кеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қазір бұл дерек бойынша аудандық полиция бөлімі тексеру жұмыстарын жүргізіп, кінәлілерді іздестіріп жатыр. Егер кінәлі тұлғалар анықталса, оларға 10-нан 250 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Сонымен қатар заңсыз орнатылған құрылымды өз қаражаты есебінен алып тастап, ескерткішті бастапқы қалпына келтіруге міндеттеледі.
Айта кетейік, «Қапам ата жартасты мешіті» тарихи-мәдени мұра объектілерін алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген.
«Қапамсай жартасты мешіті – сараптаманың қорытындысы бойынша маңызды мешіт екені дәлелденді. Жергілікті маңыздағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қатарына қосуға мүдделіміз. Мына орын алған жағдай бойынша құзырлы органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Балтабай Балапан.
Оқи отырыңыз: Жезқазғанда кәріз құдығын тазалау кезінде жұмысшы көз жұмды