Белсенділердің дабыл қағуымен тарихи жәдігерлер мемлекет қорғауына алынды
Талдықорған маңындағы Қызылтас петроглифтері мемлекет қорғауына алынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Естеріңізде болса, бұған дейін кәсіпкер осы аумақта қиыршық тас өндіріп, тарихи жәдігерлер бүліне бастаған еді. Бұл мәселені экология жанашырлары айтып, дабыл қағып, жергілікті биліктің араласуымен петроглифтерді қираудан аман алып қалған.
Белсенділер бұл жерде диорит өндіруге заңмен тыйым салуға да қол жеткізді. Осыған орай, археологиялық кешенге жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізу туралы тақта орнатылып, экологиялық акция ұйымдастырылған. Оған шенеуніктер, қоғам белсенділері, эко-еріктілер қатысып, таудағы күл-қоқысты тазартты.
Жалпы, мұнда 300-ге жуық петроглиф бар. Қазір ғалымдар Қызылтастағы таңбаларды зерттеу үстінде. Болжам бойынша суреттер ерте темір дәуіріне жатуы мүмкін.
«Биыл облыс бюджетінен әкімнің қолдауымен 10 млн теңге қаржы бөлініп, осы маңайды және Дауылбай кешенін құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Қызылтас бойынша есеп өткізіліп, құжаттары дайындалуда. Айта кетерлігі, бұл өңірде тарихи ескерткіштер өте көп орналасқан», - деді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов.
Оқи отырыңыз: Тұранның алтын жауһарлары: Қызылорда облыстық музейі құнды жәдігерлермен толықты