«Қазселденқорғау» тұрғындарға ескерту жасады
Қазақстанның үш облысында сел жүру қаупі жоғары. Бұл туралы «Қазселденқорғау» мекемесі мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мамандардың айтуынша, 3–5 шілде аралығында Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарының таулы аймақтарында мол жауын-шашын болуы мүмкін. Мұндай ауа райы тау беткейлерінен судың қарқынды ағуына және өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне себеп болуы мүмкін.
Еске салайық, 1 шілдеде нөсер жауыннан кейін Алматы облысының Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарындағы бірнеше елдімекен мен демалыс аймақтарын су басқан болатын. Өзен арнасынан асып, ондаған тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.
Сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындарына таулы аймақтарда сел жүру қаупі сақталатыны туралы ескерту жасалды. Наурызбай ауданында құлақтандыру жүйесі іске қосылып, кейбір тұрғындардың ұялы телефондарына шұғыл хабарламалар жіберілді.
Мамандар азаматтарды таулы аймақтарға барудан уақытша бас тартып, ресми ескертулерді қатаң сақтауға шақырады.
Оқи отырыңыз: Үкімет басшысы Қазақ ұлттық спорт университетін дамыту барысын тексерді