Таза деп ішіп жүрген суыңыз денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін - мамандар дабыл қақты

Мамандардың айтуынша, қала көшелерінде орналасқан 600-ден астам су аппараттарындағы сүзгінің жағдайын ешкім тексермейді 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таза деп ішіп жүрген суыңыз денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін. Мамандар қала көшелерінде орналасқан 600-ден астам су аппараттарындағы сүзгінің жағдайын ешкім тексермейді деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі.

Дәл осы су автоматтары бүгінде қала тіршілігінің ажырамас бір бөлігіне айналған. Оларды дүкендер мен тұрғын үйлердің маңынан жиі кездестіруге болады. Осындай 5 литрлік ыдысты толтыруға 5 минут уақытыңыз да кетпейді. Бір түймені бассаңыз болды, ауыз суыңыз әп-сәтте дайын.

Тәулік бойы жұмыс істейтін бұл аппараттарға тұрғындар да үйреніп қалған. Алматылық Диас Ораш та осы автоматтағы суды жиі пайдаланады. 21 жастағы тұрғын оны үйдегі кран суына қарағанда таза деп ойлайды.

«Өз басым автоматтағы суды жиі қолданам. Себебі кәдімгі үйіміздегі крандағы суға қарағанда таза деп сенем. Автоматтың астында «тазартылғаны» туралы ақпарат жазылып тұр ғой», – деді қала тұрғыны Диас Ораш

Тұрғындардың тұрмысына енген су аппараттарын орнату арнайы заң жүйесінде көзделмеген. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдерінің мәліметінше, бар болғаны тиісті орындардан арнайы рұқсат алса болғаны. Дегенмен мамандар бұл аппараттардан қарағанда, жеке су сүзгілерін қолдану әлдеқайда тиімді екенін айтты.

«Олар ПИК-пен келісімшартқа отырып, орталықтандырылған су жүйелеріне қосылып, қамтамасыз етеді. Санитарлық қызметке хабарлама беру арқылы қызмет көрсетуі тиіс. Тұрғындарға үйіне  фильтр орнатуға кеңес беруге болады. Өйткені олар қолжетімді», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенова.

Бүгінде қалада 600-ден астам су аппараттары орналасқан. «Алматы Су» мекемесінің қызметкерлері  «олар тікелей орталық құбырға қосылғанымен, судың сапасына кепілдік бермейміз» дейді.

«Фильтр болғандықтан тазарту, ауыстыру мерзімдері бар, оны біз қадағалай алмаймыз. Біз тек қана осындай компаниялармен немесе жеке тұлғалармен арнайы келісімшарт құрып, оларға жаңағы басқа тұтынушылар сияқты суды сатамыз. Есептеу құралы тұрады, рұқсаты болады», – деді «Алматы Су» МКК департамент директоры Серік .

Ал қаланың бірнеше нүктесінде су автоматтарын орнатқан жеке кәсіпкер Биболат Бегалы аппаратқа арнайы сүзгі орнатылып, оның жарамдылық мерзіміне қарай ауыстырылып отыратынын айтады. Кәсіпкер тіршілік көзін құрылғыдан тұтыну қауіпсіз деп отыр.

«Суды тазарту аппараттарының ішінде арнайы сүзгі болады. Фильтр дейміз ғой. Сол фильтр халыққа жаңағы денсаулығына зиянды заттардың барлығын судың құрамынан алып тастап, халыққа таза суды ұсынады. Ол фильтр суды тазартқан сайын өзінің ішінде қоқыстарды барлығын жинап қалады. Сондықтан да оны біз жұмыс жасау мерзіміне қарай 3 ай сайын кейде 6 ай сайын, уже аппарат тазаламай жұмыс жасамай қалғанға дейін, тұрақты түрде тексеріп отырамыз», – деді жеке кәсіпкер Биболат Бегалы.

Тұрғындар үшін орталық желідегі су бағасы 1 текше метріне 80 теңге болса, автоматтағы 1 литр судың құны 10-30 теңге аралығында. Айырмашылығы жер мен көктей. Дегенмен таңдау жасау әркімнің өз еркінде.

Ербол Медетбек, Думан Даулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Елімізде мобильді аударымдар тексеріле бастады

Новости партнеров