Таза қала - есірткісіз болашақ: Алматыда жедел-профилактикалық іс-шара өтті

26.08.2026 20:50

Биыл атқарылған жұмыстардың нәтижесінде есірткі қылмысына қатысты 16 дерек анықталған

Таза қала - есірткісіз болашақ. Алматыда «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тәртіп сақшылары мен қызметтік иттер шаһарға келетін және шығатын пойыздарды тексеріп, психотропты заттарды тасымалдау дерегін тексерді. Мамандардың сөзінше, биыл вокзалдарда дәл осындай 16 қылмыс анықталыпты. Сондықтан мұндай рейдтік шараларды өткізудің маңызы зор.

Тәртіп сақшылары мен көлік прокуратурасының өкілдері қаладағы вокзал мен әуежайда, қоғамдық орындар мен сауда үйлерінде тұрақты түрде рейд жүргізеді. Бұл істе мамандарға арнайы үйретілген қызметтік иттер көмектеседі. Биыл атқарылған жұмыстардың нәтижесінде есірткі қылмысына қатысты 16 дерек анықталған.

«Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – есірткі заттарының теміржол көлігі арқылы тасымалдануы мен заңсыз айналымына жол бермеу, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Есірткі қылмысына қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті», – деді ҚР Бас көлік прокуратурасы өңірлік көлік прокуратурасының прокуроры Мұрагер Қожасан.

Рейд барысында полицейлер азаматтарға есірткіні тұтыну мен таратудың зардаптары туралы айтып, қолданыстағы заңнама талаптарын жан-жақты түсіндірді. Мұнымен қоса, тыйым салынған заттарды сақтау, тасымалдау және өткізу үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік жөнінде еске салды. Тәртіп сақшыларының сөзінше, мұндай тексеріс қарапайым халықпен бетпе-бет тілдесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауап беруге және көліктегі қауіпсіздік әрбір адамның жауапкершілігіне байланысты екенін тағы да бір еске салуға сеп болады.

Диана Тұрлыбек, Маржан Манапова, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысындағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі күшейтілді

 

Толық көрсету