Таза Қазақстан: Алматыда студенттер экологиялық акцияға қатысты
Мереке аясында дәстүрлі «Алтын күз» креативті және инновациялық идеялар жәрмеңкесі ұйымдастырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне арналған салтанатты шаралар өтті. Мереке аясында дәстүрлі «Алтын күз» креативті және инновациялық идеялар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қолданылған литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдейтін пилоттық цех іске қосылды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мерекелік күннің басты жаңалықтарының бірі – университетте қолданылған литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдейтін пилоттық цехтың ашылуы. Жаңа өндірістік алаңда аккумуляторларды қауіпсіз қайта өңдеу және олардың құрамынан бағалы металдар мен пайдалы материалдарды бөліп алу технологиялары сынақтан өткізіледі.
Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобаның салтанатты ашылу рәсіміне университет басшылығы, отандық ғалымдар, шетелдік меймандар, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Жиында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алина Галеева ғылыми зерттеулерді өрістету мен экологиялық технологияларды өндіріске енгізудің маңыздылығын атап өтті.
«Мұндай жобалар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, отандық ғалымдардың қолданбалы зерттеулер жүргізуіне жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен бірге экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бұл бастама тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруда ерекше маңызға ие», – деді проректор.
Цех жетекшісі Фёдор Мальчиктің айтуынша, процесс барысында аккумуляторлар алдымен қауіпсіз түрде қуатсыздандырылып, ұсақталады және жекелеген компоненттерге бөлінеді. Келушілерге өндірісте қолданылатын Fante 400 қос білікті шредері, DZSF-515 дірілдеуіш елеуіші және NG-706 сұрыптау құрылғысы таныстырылды.
Экологиялық бағыттағы бұл бастама «Таза Қазақстан» республикалық акциясымен ұштасты. Мереке аясында университет ғалымдары, оқытушылары мен студенттері оқу ғимараттары мен жатақханалар маңына 30 қарағай мен 35 бөртегүл көшетін отырғызды.
ҚазҰУ қалашығы жасыл желекке бай аумақтардың бірі саналады. 2021 жылдан бері мұнда 3 000-нан астам ағаш егілген. Оның ішінде 2 300 қарағай, 250 шырша және 250 жеміс ағашы бар.
Сонымен қатар кітапхана алаңында дәстүрлі «Алтын күз» жәрмеңкесі өтіп, жас ғалымдар мен студенттердің AIQaz-Media, KazNU Ilearn, Zhurek AI және AlfaBrain инновациялық жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Ал «Оқитын ұлт» жобасы аясында баспалардың көрмесі ұйымдастырылды.
Шараға Darhan Radio медиаплатформасы қатысып, жиылғандарды арнайы сыйлықтар ұтысына шақырды. Қонақтар «Жас шебер» стартабының тоқыма бұйымдары мен зергерлік әшекейлеріне қызығушылық танытып, студенттердің Республика күніне арналған түрлі-түсті көркем туындыларын аралады. Ұлттық спорт алаңында өткен қазақ күресі, асық ату, арқан тарту және тоғызқұмалақ жарыстарында студенттер мен қонақтар бақтарын сынады.
Келушілерге 1000 келі палау, 500 келі бауырсақ, сусыны ұсынылып, түрік дәстүрі бойынша құм үстінде дайындалған хош иісті кофе таратылды. Сондай-ақ агробиостанцияда өсірілген экологиялық таза жеміс-жидектер мен көкөністер сатылымға шығарылды.
Бағдарлама барысында студенттердің қайырымдылық бастамасына ерекше маңыз берілді.
«Жәрмеңкеге арнап бәліштер мен салаттарды өзіміз дайындадық. Жиналған қаражатқа тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік сатып алып, таратуды көздеп отырмыз», – деді «Ашық жүрек» студенттік ұйымының мүшесі Айжан Төрехан.
Мерекелік шаралар салтанатты концертпен түйінделді. Ол университет ұжымы мен студенттерін шығармашылық, ұлттық дәстүр және қоршаған ортаға қамқорлық рухында бір арнаға тоғыстырды.
Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының атынан алматылықтарға мемлекеттік наградалар табыстады