Кезекті сенбілікке 200-ден аса адам жұмылдырылды
Елімізде республикалық экологиялық "Таза Қазақстан" акциясы жалғасып жатыр. Іс-шараға қатысушылар Ақтау қаласында да белсенді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Акцияның аты айтып тұрғандай, оның мақсаты – азаматтарды өз қаласы мен ауылын, ауласын таза ұстап, көшет отырғызуға үндеу. Ақтаудағы жағалаудан әлі де күл-қоқыстарды көруге болады. Десе де тазалыққа қатысушылар Каспийдің жағасын қалыпқа келтіруге білек сыбана кіріскен. Бірі ұжымдастарымен үлесін қосса, енді бірі еріктілермен бірге қол көмегін аяп жатқан жоқ.
"Менің ойымша, сенбілікке жай қоқыс жинау деп қарамау керек. "Әр азамат өлкенің тазалығына қосқан үлесі" деп біліп, қызығушылық тануы қажет. Жарыс түрінде ұйымдастырылғандықтан қызықты әрі көңілді", – деді ерікті Зейнеп Серік.
Теңіз жағасында өткен эко акцияға отандастарымыздан бөлек, шетелден қыдырып келген америкалық турист те атсалысты. Мейман «табиғатты аялау мен қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматқа артылған міндет» деп есептейді.
"Менің есімім Даниель. Нью-Йорктың тұрғынымын. Қазақстанның барлық өңірін шарлап, саяхаттап, қыдырып жүрмін. Ал теңіз жағасында экологиялық акцияның өтетінін еріктілерден естіп, қатыстым", – деді турист Даниель Бэнивелли.
Жағалау маңында ұйымдастырылған кезекті сенбілікке 200-ден аса адам жұмылдырылды. Қоқысқа көмілген аумақ лезде тазартылып, аумақтан 300 қап тұрмыстық қатты қалдық шығарылды. Ал экологиялық іс-шараның соңы спорттық ойындарға жалғасқан.
Айта кетейік, жалпыхалықтық "Таза Қазақстан" акциясы жыл соңына дейін жалғасады.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында қалдық қалмайтын химиялық зауыт салынып жатыр