Театр фестивалі: Ақтауда түркі халықтарының мәдениеті тоғысты

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

ТҮРКСОЙ ұйымдастырған іс-шара 26 қыркүйекке дейін жалғасады  

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда ІІІ халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі басталды. Ауқымды шараға Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Әзербайжан, Венгрия және еліміздің 9 театр ұжымы қатысуда. Басты мақсат - түркі тілдес халықтардың мәдени байланысын нығайту, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Фестиваль шымылдығы салтанатты түрде түріліп, қатысушы мемлекеттердің театр ұжымдары бірінен соң бірі сахна төріне құрметпен шақырылды. Әр елдің мәдени өрнегін танытқан өнерпаздар қызыл кілеммен жүріп өтті. Сәні мен салтанаты келіскен кешке еліміздің белгілі өнер майталмандары мен мәдениет қайраткерлері қонақ болды.

«Театрдың құдыретті тілі арқылы түркі жұртының ортақ руханият қазынасын дәріптеу үшін үшінші мәрте бас қосып отырмыз. Бұл сахнада әр халықтың өнерін тарихы мен тағдыры ортақ болмысымыздың асыл бояуы жаңғырып, бірлігіміздің айғағына айналмақ», - деді ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.

Кәсіби өнер ұжымдары. Сахнаға деген құрмет. Театрлар арасындағы ынтымақтастық. Фестивальде түркі халықтарының мәдениеті мен руханияты дәріптелмек.

«Театр фестиваліне жалпы 9 ұжым қатысып отыр. Негізгі түпкі мақсаты – түркітілдес елдердің бауырластығын, ынтымағын, мәдени ынтымақтастығын нығайту, арттыру», - деді Маңғыстау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали.

«Дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Бізге 250–300-ге жуық қонақ келеді делініп отыр. Сонымен қатар Астанадан келген Қазақ ұлттық драма театры «Парасат майданы» спектаклін қояды. Қойылымдар күн сайын сағат 11:00-де және 19:00-де өтеді», - деді Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Медғат Өмірәлиев.

Тоғыз театр көрерменге өнер кешін сыйлайды. Айта кетейік, театр фестивалі 26 қыркүйекке дейін жалғасады.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: "Қайрат" пен "Реал Мадридтің" тарихи ойынына билеттер сатылымға шықты

Новости партнеров