Терапия мерзімі қысқарды: ауруды емдеу тәсілдері қалай өзгерді

Биыл алғашқы 6 айдың өзінде көрсеткіш 12 пайыз төмендеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан бойынша туберкулезге шалдыққандар саны азайып келеді. Биыл алғашқы 6 айдың өзінде көрсеткіш 12 пайыз төмендеген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Ал кейінгі екі жарым жылда балалар мен жасөспірімдер арасында бірде-бір қайғылы жағдай тіркелмепті. Ауруды анықтау мен емдеу тәсілдері де жаңарып жатыр. Заманауи диагностика инфекцияны жылдам анықтауға мүмкіндік берсе, жаңа емдеу әдістері терапия мерзімін қысқартқан.

Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында туберкулездің ең күрделі түрлерімен ауыратын науқастар жүгінеді. Бірнеше жыл бұрын мұндай емдеу шаралары екі-үш жылға дейін созылатын. Қазір ақ халаттылар жаңа препараттар мен қысқартылған ем-домды қолданады. Терапияның ұзақтығы әр науқасқа жеке белгіленеді. Бұл ретте адамның жалпы жағдайы мен сараптама нәтижелері ескеріледі.¤

 «Қысқа мерзімді емдеу 6 ай, одан кейін 9-11 айға созылады. Ұзақ мерзімді емдеу тәсілі 18 айдың көлемінде жүргізіледі. Сондықтан олардың бәрі анықталған науқастардың анализ сараптамасына сәйкес. Бүкіл ем процесі бонйынша Үкімет тарапынан туберкулезға қолданылатын дәрілердің бәрі тегін қамтамасыз етіледі», – деді Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі Біржан Шөжеев.

Емдеудің алғашқы кезеңдері дәрігерлердің тұрақты бақылауымен жүргізіледі. Зерттеу нәтижесінде науқастың айналасындағыларға қауіп төндірмейтіні анықталса, ем амбулаториялық жағдайда жалғасады. Бүгінде орталықта 9 науқас жатыр. Жалпы, тиімді емдеу тәсілін таңдау үшін алдымен ауруды тудырған қоздырғыштың нақты түрін анықтау қажет. Ол үшін алынған биологиялық үлгілер Ұлттық референс-зертханаға жіберіледі. Бұл – елдегі туберкулезді зерттейтін негізгі ғылыми орталық. Ол 2000 жылдан бері жұмыс істейді. Ал жаңа ғимараты былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілген. Мұнда еліміздегі 273 зертханаға арналған стандарттар әзірленіп, мамандар оқытылады.

«Ең бірінші науқас келгенде молекулярлық-генетикалық тест жасаймыз.Егер микроскопия оң болып шығатын болса, науқасты басқа адамдарға жұқпас үшін оқшаулаймыз», – деді Ұлттық референс бактериологиялық зертханасының басшысы Ләйлә Шыңғысова.

Мұнда туберкулез бірнеше тәсіл арқылы зерттеледі. Алдымен жылдам молекулярлық-генетикалық тест жасалады. Ол шамамен екі сағаттың ішінде инфекцияның бар-жоғын және қоздырғыштың дәріге төзімділігін анықтауға мүмкіндік береді. Одан кейін микроскопиялық және бактериологиялық зерттеулер жүргізіледі. Бұл кезеңде мамандар ауру қоздырғышының өзін бақылайды. Ал төртінші кезеңде толық геномдық секвенирлеу әдісі қолданылады. Яғни мамандар микробактерияның генетикалық кодын толық зерттеп, оның ерекшеліктерін, инфекцияның таралу көзін және дәріге төзімділігін барынша нақты анықтайды. Алдағы уақытта орталық туберкулездің таралу деңгейін әр 100 мың адамға шаққанда 10 жағдайдан төмендетуді жоспарлап отыр.

Олжас Омарбек, Аида Иманалі, Жаксылық Тілепберген

Оқи отырыңыз:  Өліммен арпалысқан ай: 27 мың вольттық тоққа түскен жасөспірімге 18 ота жасалды