Tesla Education: Бас прокуратура алдына ақшасын қайта алмаған ата-аналар жиналды

Ата-аналар тергеу барысы туралы ешқандай нақты ақпарат ала алмай отырғанын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Tesla Education» оқу орталығына қатысты дау әлі жалғасып жатыр. Астанада бір топ ата-ана істің созбалаңға салынуына алаңдаулы. Олар қылмыстық іс қозғалса да, зардап шеккендерге тергеу барысы жөнінде әлі күнге дейін ақпарат берілмеді деп отыр, деп хабарлайды  Almaty.tv. 

Оқыту орталығы төңірегіндегі даудың басталғанына шамамен төрт айға жуықтады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда осы уақыт аралығында ата-аналар тергеу барысы туралы ешқандай нақты ақпарат ала алмай отырғанын айтады. Тіпті іс қандай бап бойынша қозғалғаны да хабарланбаған. Осыған байланысты бүгін зардап шеккендер Бас прокуратура алдына жиналып, наразылық білдірді.

«Ешқандай істі біз білмей отырмыз Төрт айдың көлемі өтті, ешкім айтпайды, бізді шақырмайды. Сол үшін келдік», – деді қала тұрғыны Динара Бекболатова.

«Біз барлығымыз прокуратура мен полиция органдарына арыз жаздық. Алайда арада шамамен төрт ай өтсе де, құзырлы мекемелер тарапынан әлі күнге дейін ресми ақпарат берілген жоқ. Күдікті тұлғаға қандай шара қолданылғаны, оның қазір қайда екені және одан жауап алынған-алынбағаны белгісіз. Осы уақыт аралығында ешқайсымыз тергеу аясында жауап беруге шақырылған жоқпыз», – деді қала тұрғыны Тимур Жабылов.

.Ата-аналардың айтуынша, бүгінде Астана мен Алматы қалаларын қосқанда 5 мыңға жуық адам қаражатын ала алмай жүр. Олар оқу ақысына 500 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін төлеген.

Қомақты қаржы бергендерің бірі – Назира Ахметова. Ол немересін оқыту үшін 1 миллион 300 мың теңге көлемінде бөліп төлеу арқылы несие рәсімдеген. Алайда дау туындағаннан бері бұл қарызын өтемей жүр. Қаржы ұйымы уақытша төлемді тоқтату мүмкіндігін бергенімен, салдарынан несие тарихы бұзылғанын жеткізді.

«Немеремді оқыту үшін 1 миллион 300 мың теңгені 2 жылға бөліп төлеуге алдым.Үш ай оқытты. Қызым « апта мұғалімдер келмейді, сабақ бермейді. Бір күні қазақ тілі, математика, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі жоқ» деп. Біз арыз жаздық. Ешкім хабарласқан жоқ», – деді қала тұрғыны Назира Ахметова.

Алматы қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 300-ден аса жәбірленушілер бар. Олардың көбісі Алматы қаласында тұрады. Қазіргі таңда түскен арыздар зерделеніп, мәнжай анықталып, бір өндіріске енді. Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген тергеу амалдары айтарлықтай дәрежеде жүргізілуде. Нәтижесінде процесуалдық шешім қабылданады», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Зардап шеккендердің айтуынша, аталған оқу орталығы сәуір айында банкрот деп танылған. Сол уақыттан бері ата-аналар мен компания арасында қаржылық келіспеушіліктер туындаған. Алайда қиындықтарға  қарамастан, орталықтың менеджерлері қызметін тоқтатпай, жарнамалауды жалғастырып, оқушыларды тартуды доғармағані. Тіпті «оқуға түсе алмаған жағдайда төленген қаражат толық қайтарылады» деп уәде еткен көрінеді. Енді қарызға белшеден батқан ата-аналар жағдайдың мән-жайын біле тұра қызмет көрсетіп, сатумен айналысқан менеджерлердің де заң алдында жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Ұрып-соққан: Шымкентте екі сталкер ұсталды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров