ТМД байқаушылары референдумды қалай бағалады

07.10.2024 18:15

Республикалық референдумда 177 халықаралық байқаушы бақылаған

Республикалық референдумның алдын ала болжамды қорытындысы жарияланды. Орталық референдум комиссиясы таратқан дерекке сәйкес, АЭС-тің салынуын халықтың 71,12 пайызы қолдаған. Жалпы дауыс беруге 7 млн 820 мың 204 отандасымыз қатысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың сөзінше, жалпыұлттық дауыс беруде 12 миллионнан астам қазақстандық таңдау құқығына ие болған. Оның ішінде 8 млн сайлаушы, яғни 63,66 пайызы референдумға қатысқан. 5 млннан аса адам АЭС құрылысын қолдаса, 2 млннан көп таңдаушы қарсылық білдірген. Дауыстарды санау кезінде есепке алынбаған бюллетеньдер де тіркелген. Олардың саны – 82 мың 729. Ал жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны – 130 мың 267.

"Таңертең аумақтық референдум комиссиялары дауыс беру нәтижесі туралы хаттамалардың электронды көшірмесін ұсынды. Облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының комиссияларынан алынған жедел деректердің негізінде Орталық референдум комиссиясы референдумда дауыс берудің алдын ала қорытындысын шығарды", – деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірі мен шетелдегі референдум учаскелерінде дауыстарды санау аяқталды. Ел бойынша 10 мың 323 таңдау жасау пункті жұмыс істеді. Шетелдіктер үшін 59 мемлекетте 74 бөлімше ашылды. Референдумның әділ әрі талапқа сай өтуін Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінен келген бақылаушылар да қадағалап отырды. Жұмыс тобы дауыс беру кезінде ешқандай заң бұзу дерегі тіркелмегенін айтты.

"Референдум кезінде ТМД бақылаушылары 9 өңірде жұмыс істеді. Олар 618 референдум учаскесіне барды. Дауыс беру кезінде заң бұзылған жоқ. Референдум жоғары деңгейде өткенін атап өткім келеді. Біз ұлттық байқаушылармен де сөйлесіп, пікірін білдік. Олар да дауыс беру кезінде азаматтар тарапынан, комиссия мүшелері мен өзге де байқаушылардан ешқандай шағым болмағанын айтып отыр", – деді ТМД байқаушылар миссиясының жетекшісі Леонид Анфимов

ТМД байқаушылар миссиясының жетекшісі республикалық референдум кезінде 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты. Олар сауалнама жүргізу тәртібін сақтамаған. Алайда қылмыстық іс қозғалған жоқ. Қазақстанда өткен референдум барысын 40 мыңнан астам ұлттық, 177 халықаралық байқаушы бақылаған. 

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы

Оқи отырыңыз: Референдумда бақылаушылар 20-ға жуық заң бұзылғанын анықтаған